386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда сүрілуге тиісті 117 үйдің иелері өтемақыларын ала алмай жүр

  • 165
  • UPD: 23:14, 23.08.2019

Жер телімдері құжат бойынша мемлекетке өтіп кеткен тұрғындар, не көшерін не көшпесін білмей сарсаңға түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сейфуллин мен Жансүгіров көшесінің қиылысына жол айрығын салу 2017 жылы жоспарланған. 2 жыл бұрын тұрғындарға хабарлама таратылып, жер телімдерін мемлекет қажетіне пайдалану үшін үйлерді сүруге шешім шығарылған. Баспаналардың тиісті құны да белгіленіп қойған. Алайда, тұрғындар бүгінге дейін өтемақыларын ала алмай жүр.

Наталья Галиакбарова, белсенді топ өкілі:

- Барлық шешім заңды күшіне енген. Дегенмен, 117 үйдің иелеріне әлі өтемақы берілмей отыр.  Біз белгіленген сомаға да келістік. Сот шешімінен соң бұл үйлер біздің меншігімізге жатпайды.

Надежда Буряченко, қала тұрғыны:

2017 жылы үйдің құнын бағалады. Мен желтоқсан айында 15 миллион көлеміндегі өтемақыға келістім. Бізге келер жылдың, яғни 2018 жылдың мамыр айында «үйді босатасыңдар» деген. Мен соған сеніп басқа үй тауып, алдын ала төлемақы жасап қойдым. Енді ай сайын сол жерде жалға беретін құнын төлеп келемін. Сот шешімінен кейін мемлекеттен өтемақы күтіп отырғаныма, міне, 1 жыл сегіз ай болды.

«Сол уақыттан бері не көшерімізді білмей, не үйді сата алмай әлекпіз», - дейді шарасы таусылған тұрғындар. «Қаңқасы қамыстан тұрғызылған үйлер уақыт өткен сайын тозып барады. Оны жөндеуге қаражат жұмсау да қисынсыз», - дейді олар. Мемлекеттен өтемақыларын ала алмай жүрген топ бұл мәселені аудан тұрғындарымен кездесуге келген қала әкіміне тіке қойды.

Наталья Галиакбарова, белсенді топ өкілі:

- Ауданның жаңа әкімі Кикимовке жағдайымызды айтып барып едік, ол мәселенің мән-жайын білмейтін болып шықты. Әкімдікке шақыртуды жарты сағат бұрын айтқан соң ол жерге мен ғана барып үлгердім. Аудан әкімін біздің мәселеміз толғандырмайтын болар, ол есінеп отырды.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Жол айрығын салуға жоспарланған ақша тұрғындарға өтемақы ретінде төленеді деп шешім шығардым. Бұл қаражат қала қазынасынан берілмейді. Республикалық бюджеттен бөлінетіндіктен, комиссия қарауынан өтуі тиіс. Үкімет 2,7 миллиард теңге қаражат бөлуге келісті. Ақша түссе, бірден сіздермен есептесеміз.

Қала әкімінің айтуынша, бюджет Парламентте қазан айында қаралады. Ал, тұрғындар үйлерін қысқа қамдай ма, әлде көшуге дайындала ма? Бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз.

Авторлары: Гүлжан Көланқызы, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы