387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда 120 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі

  • 137
  • UPD: 15:54, 24.08.2019

Жыл соңына дейін Павлодарда 120 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Заманауи үлгідегі нысандардың тең жартысы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатыр.

Жаңа пәтердің бір шаршы метрі 140-160 мың теңге тұрады. Тұрғын үй құрылысы саласын өркендетуге аймақ кәсіпкерлері де атсалысуда. Олар құйған қаржыға бес бірдей көпқабатты ғимарат бой көтеріп келеді.

Кезінде екі қабатты ескі үйлер тұрған жерде бүтін бір шағын аудан бой көтеріп келеді. Жергілікті тұрғындардың дені жуырда жаңа баспаналарға көшірілді. Осы ықшам ауданда онға тарта жаңа нысан салынуы тиіс. Аумағы 5 мың текше метрлік бір ғимарат қолданысқа енді беріледі. Мұндағы пәтерлер «7-20-25» бағдарламасымен сатылады.

Анарбай Нұрханов, учаске бастығы:

- Номері 25-үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Құрылыс материалдары негізінен осы Павлодар қаласынан шығады. Жетпей қалған материалдарды Ресейден аламыз. «Сарыарқа» шағын ауданында осымен жетінші үйді салып жатырмыз. Бес үй іске қосылды. Алтыншы үй бітіп келеді.

Сүрілген 159 ескі үйлердің орнына қырықтан астам озық үлгідегі тұрғын үй кешендері салынады деп жоспарланған. Бұдан соң мөлтек аудан ішінде мектеп пен бөбекжайдың құрылысы басталады.

Дәурен Ұсаханов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Шағын аудан құрылысын екі жылда аяқтау көзделіп отыр. Келер жылы қалып тұрған он үйді салып бітіреміз. Жаңа пәтерлердің бір бөлігіне сүрілген үйлерден көшірілген тұрғындар орналасады. Қалғанын баспанаға жинақ қаражатпен және мемлекеттік бағдарламалар арқылы алуға болады.

Жалпы облыс орталығында құрылыс қарқынды. Мемлекет қаржысынан бөлек жекелеген жобалар жеке инвестициямен жүзеге асуда. Аймақ кәсіпкерлері жалпы көлемі 67 мың текше метрді құрайтын баспаналарға қаржы құйған.

Әділбек Баяхметов, қалалық сәулет бөлімінің жетекшісі:

- Қала бойынша бес жер телімі белгіленген. Оларда жеке кәсіпкерлер көпқабатты үйлер тұрғызып жатыр. Қазіргі уақытта бір баспана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін мұндағы нысандар құрылысы толық аяқталуы тиіс.

«Достық» шағын ауданы - құрылыс саласында сәтті жүзеге асып жатқан тағы бір жоба. Биыл осы жерде үш көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Жалпы жоспарда 49 нысан деп көрсетілген. Оның екеуі оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға берілуі керек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы