387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда алғаш рет баспана жәрмеңкесі өтті

  • 174
  • UPD: 20:26, 24.08.2019

Ақтауда алғаш рет баспана жәрмеңкесі өтті.

Оған жиырмаға жуық жергілікті құрылыс компанияcы мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. Шара аясында тұрғындар өздерін қызықтырған сауалдарға жан-жақты жауап алды. Қатысушылар халыққа қолданысқа берілуге дайын баспаналарды сатып алудың тиімді жолдары түсіндірілді.

23 жастағы Кенжебек – үй алуды жоспарлап жүргендердің бірі. Бюджеттік сала қызметкері үшін баспананы мейлінше арзан бағада алған тиімді екені даусыз. Ол үшін құрылысы аяқталған тұрғын үй кешендеріне барып, әр нысанды асықпай аралап көру қажет. Жұмыстан қолы босай бермейтін жас маман ұнаған пәтері жөніндегі ақпаратты осы жәрмеңкеден алып отыр.

Кенжебек Сержанұлы, қала тұрғыны:

– Көп мәліметтерге қанық болып жатырмыз. Қаланың көрікті жерлерінен салынып жатқан үйлерден беріліп жататын жеңілдік пайыздары, адамға қолжетімділігі деген ақпарларды естіп, шыны керек, ерекше қайран қалып жатырмыз.

Тоқтамұрат Тілеу, қала тұрғыны:

– Құрылыс компанияларының жәрмеңкесі болады дегенді естіп келіп көріп, аралап жатырмыз. Жақсы, ұнап жатыр. Мұндай дүние халыққа көбірек насихатталса, өте жақсы.

Каспий жағалауындағы шаһарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қала аумағы солтүстік бағытта ұлғайып келеді. Қазір жаңадан онға тарта шағын аудан салынып жатыр. Халықтың әсіресе, 16, 17 және 19-мөлтек аудандағы тұрғын үй кешендеріне қызығушылығы жоғары. Мұндағы пәтерлердің шаршы метрі 130-дан 250 мың теңгеге дейін барады. Мердігер компаниялар 20-30 пайыз алғашқы жарнасын беруге дайын азаматтарға баспана құнын мемлекеттік бағдарлама арқылы бөліп төлеуді ұсынады.

Әсия Жаңабекова, құрылыс компаниясының менеджері:

– Қазіргі таңда 16-шағын ауданда дайын тұрған үш үйіміз бар. Оларды әлеуметтік бағдарлама бойынша банктер арқылы алуға болады. Бұл жәрмеңкеге бірнеше ұсыныстарымызды көрсетуге келіп отырмыз. Осындай жәрмеңкелердің өткені біздің мекемелерімізге де, адамдарға да, мемлекетке де өте жақсы деп ойлаймын.

Облыс орталығында 83 көп қабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Пәтерлерді кіруге дайын не жартылай жөндеу қажет күйде алуға болады. Бұл мақсатқа қажет қаржыны екінші деңгейлі банктер ұсынады. Аймақтағы барлық қаржы ұйымдарының өкілдері де осы жәрмеңкеде жүр. Ендігі жерде бұл шара жылына бірнеше рет өтіп тұратын болды.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы