387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасының Youtube-тегі парақшасы алтын батырманы иеленді

  • 203
  • UPD: 23:39, 24.08.2019

Әлемнің түкпір-түкпірінде із қалдырып, дүниені шарлап шыққан блогерлер бүгін елордада бас қосты.

Кездесу «Қазақстанды таны» жобасы аясында ұйымдастырылды. Отандық туризмді дамытып, елімізді әлемге танытуды көздеген халықаралық форумға кімдер қатысты?

Сапалы контент жасап, қызықты бейнероликтер түсіру, интернетте өз атыңды ойып тұрып қалдыру. Бұл – блогерлер форумына қатысушылар көтерген тақырыптар. Ерекше форматта өткен жиында түрлі елден келген саяхатшы блогерлер өз тәжірибесімен бөлісті. Мақсат – жаңа толқынның көмегімен туризмді дамытып, Қазақстанды әлемге таныту.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Биыл Қазақстан Елбасының бастамасымен «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Осы жылдың аясында жастарды қодауға бағытталған сан аулан іс-шаралар өтіп жатыр. Сарыарқаның самалы жанға жылу беретін. Жетісудың таулары асқақ рух сыйлайтын, Шығысы шырайлы батысы айбынды, Солтүстігі көрікті оңтүстігі өрікті елге табаны тиген әр адам қанаттанып тұрады. Көшпенділер өркениетінің темірқазығы саналатын қазақ елінің құшағы қонақтарға әрдайым ашық.

«Қазақстанды таны» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар туған жері туралы видеороликтер түсірсе, екінші кезеңде республика аумағында арнайы пресс-тур ұйымдастырылады. Форум аясында еліміздің бірнеше өңіріне барған Түрік блогерін отандық жастардың білімге деген құштарлығы таңғалдырған. Сондықтан саяхатшы Үміт Йорук «Қазақстаннан сәлем» жобасын қолға алып, жас қазақстандықтарға жетістікке жету жолдарын үйретпек.

Үміт Йорук, тревел-блогер:

– Мен сіздердің табиғи келбеттеріңізді өзгертпей, тек сіздерге ғана тән сұлулықтарыңызды сақтап қалуларыңызды тілеймін. Өзге мемлекеттердің қателігін қайталамаңыздар. Біз Ақсу, Шымкент, Түркістан облысында болдық. Сапар барысында өңір тұрғындарын суретке түсіріп, көп видео жинадық. «Қазақстаннан сәлем» жобасын келесі аптада көрермендерге ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Жиынға арнайы келген шетелдік саяхатшылардың бірі – Мурад Османн. Ол әлеуметтік желілердегі «Follow me to» деп аталатын суреттер топтамасымен дүние жүзіне танылған. Әлемнің ең сұлу, көздің көркін алар жерлерін аралаған блогер, Қазақстанның табиғи ландшафтын жоғары бағалады.

Мурад Османн, тревел-блогер:

– Қазақстанның табиғаты алуан түрлі. Әдемі жерлер өте көп. Олар бір бірінен алшақ орналасқан. Бірақ бұл ел көріп, жаңа жерлерге баруды мақсат еткен саяхатшылар үшін жақсы. Менің ойымша, болашақта Орталық Азияға келетін туристер ағыны ұлғая түседі. Себебі әлемде адам аяғы баспаған жерлер аз.

Форум барысында ютубта миллиондаған қаралым жинаған үздік телеарналар марапатталды. Көрермендерге сапалы материалдар ұсынып, жүлдеге ие болғандардың қатарында «Хабар» агенттігі бар. Арнаның ютубтағы парақшасы алтын батырманы иеленді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Султан Қалдыбеков

Хабар 24 телеарнасы