387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент тұрғындарын қоғамдық көлік мәселесі шаршатып тұр

  • 170
  • UPD: 20:38, 25.08.2019

Шымкенттіктерді қоғамдық көлік қажытты. Еліміздегі үшінші мегаполистегі жолаушылар тасымалы мәселесі қашан шешіледі? Ол белгісіз. Бірер күн бұрын ғана осы шаһардағы бір топ автобус жүргізушілерінің жалақыларын ала алмай, бас көтергенін көрсеткен едік.

Яғни автобус паркінің қызметкерлер алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге жеткен. Енді шаһар жұрты, қоғамдық көліктің қызметіне мүлдем көңіл толмайтынын білдіріп, шағым айтып жатыр.

Бұл еліміздегі республикалық деңгейдегі үш шаһардың бірі Шымкент. Соған қарамастан қалада шешілмеген мәселе көп. Ең өзектісі - қоғамдық көлік. Аялдамада сағаттап автобус күткен жолаушылар «қаламыз қанша жерден мегаполиске айналғанымен, жаңашылдықтың иісі мүлде сезілмейді» дейді. Біріншіден, жолдар нашар, екіншіден жолаушылар тасымалы сын көтермейді.

БЛИЦ: 

-Үш обшым жоқ боп кетті. 91 жүреді. Оған сыймаймыз. Кішкентай ғой. Газель. Үлкенін берсін бізге. Анадай көк автобус секілді. 

- Көңіліміз толмайды. Себебі қатты айдайды. Сен мініп жатсың ба түсіп жатсың ба оған да қарамайды. Кондукторларға да қарамайды. Бір-бірімен жарысқанда қорқасың. Кейбір кезде осы жерде екі сағаттап күтеміз. 

- Газель деген іші ыстық. Ішіне отыра алмайды, я түрегеп тұра алмайды. Сол газельдердің орнына жаңа автобус қойса. Енді ол газель дегенді ұзақ жолдарға жіберіп, қаланың ішіне үлкен автобустарды қойса балаларға жақсы. 

Халық осы шағын автобустардан шаршаған. Бұған дейін 300 жаңа автобус сатып алынатыны айтылып, көпшіліктің көкейіне сенім ұялаған еді. Әсіресе Қайтпас, Достық, Асар, Бозарық, Қайнарбұлақ сынды елдімекен тұрғындарының бұл жайтқа ерекше қуанғаны рас. Бірақ мәселенің шешімін тапқан түрі көрінбейді. Қаладағы жалғыз автобус паркінің жағдайы да мәз емес. Қызметкерлері алдындағы жалақы қарызы 10 миллион теңгеден асып кеткен.

Елікбай Тоқбергенов, автобус паркінің басшысы:

- Қазір барлық айлықты төлеп жатырмыз. Айлықтың кешіктірілгені көп адамдардың карточкалары дайын емес. Көбісі аудандардан келген, карточка ашып үлгермеген. Карточка ашпағандарға қолма-қол бердік. Кейбір адамдардың құжаттары тапсырылмаған. Енді қазір тездетіп айлық төлеп жатырмыз. 

Сөйтіп, бір ғана қоғамдық көлік тасымалының өзінде қордаланған мәселе көп. Ал ол қашан шешімін табады?  Белгісіз. Жаңа басшылықтың жолаушыларға жаны ашып, мәселені жуық арада шеше қоярына жұртшылық еш сенбейді. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы