387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 500 мың тоннадай астық орылды

  • 152
  • UPD: 14:12, 26.08.2019

Қостанай облысында орақ науқаны әдеттегі мерзімнен 10 күнге ерте басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл өңір диқандары 4 миллионға жуық гектар жерден өнім алады. Соның үш жарым миллионы ел ырысы - бидайдың үлесінде. Дегенмен құрғақшылық астық шығымы мен шығынына әсерін тигізбей қойған жоқ. Жаз бойы тұрған аптап ыстықтан бірқатар аудандағы танаптар күйіп кетті.

Данияр Сұлтан, тілші:

– Облыс бойынша дәл қазір 500 мың тоннадай астық орылды. Қырмандағы диқандар үшін ауа райы қолайлы боп тұр. Әзірше орташа гектар берекелігі 4,6 центнер шамасында. Біз қазір Қостанай ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне қарасты егіс алқабында тұрмыз. Облыстағы шығымдылығы мол танаптардың бірі осы жерде. Былтыр дәл осы алқаптан гектарынан 40 центнер өнім жиналған, биыл бұл көрсеткіш екі есе төмен. Бәріне ылғалдың аз түсуі себеп. Қуаңшылық жылда егіні бітік шығатын аудандарды да айналып өтпеді. Облыстағы егістіктің шамамен 20 проценті күйіп кетті. Әсіресе, оңтүстіктегі танаптардың жағдайы қиын.

Айта кетейік, биылғы орақ маусымында қостанайлық шаруалар арзандатылған бағамен 75 мың тонна дизельді отынға қол жеткізді. Қазірдің өзінде сыйымдылығы 8 млн тонна болатын астық қабылдау кәсіпорындары дайын. Алайда олардың алдыңғы жылдардағыдай барынша толатыны екіталай. Естеріңізге сала кетейін, былтыр Қостанай аймағы ел қамбасына 4 жарым миллион тоннадан аса астық құйып, гектарынан 12 центнерден астам өнім алған. Облыс бойынша биылғы орақ науқаны қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы