387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының 40 шақты әкімі қызмет этикасын өрескел бұзған

  • 155
  • UPD: 21:47, 26.08.2019

Әкімі оңбаса, ауыл қайдан дамысын? Ақмола облысында соңғы бес жыл ішінде 40 шақты ауыл әкімінің ісі тәртіптік кеңесте қаралған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында мас күйінде көлік жүргізген, қарамағындағыларды балағаттаған, төбелескен, өз мансабын асыра пайдаланғандар бар.

Жұртқа үлгі, елге пана болады деген әкім-қаралар қалай жазаланды?

Қарамағындағы қызметкерді жерден алып, жерге салған Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылы әкімінің бұл әрекеті қазір әлеуметтік желіде желдей есіп, халықтың наразылығын тудырып тұр. Оның мәселесі өткен аптада тәртіптік кеңесте қаралу керек болған. Алайда, ол, ауруын сылтауратып, келмей қалыпты. Дегенмен, жиын мұнымен бітпейді. Себебі, Бурабай ауылының әкімі қызметтік көлікті түнде мас күйінде тізгіндеген. Бұл істі кеңес мүшелері көпке созбай, бірден шешім шығарды.

Енді аталған лауазымды тұлға қызметтен кетуі тиіс. Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегілер, шенеуніктер тарапынан жасалып жатқан мұндай бассыздықтар өкінішке орай жетерлік, - дейді. Мәселен, биыл Есіл ауданына қарасты Интернациональный ауылының әкімі де ауыл тұрғындарын балағаттаймын деп жұмысынан қуылды. Тілдеп қана қоймай, қол жұмсайтындар да бар. Мәселен, Қорғалжын ауданында ауыл әкімі 8-сынып оқушысын соққыға жығып, көпшіліктің ашуын тудырған болатын.

Дархан Хайруллин, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:

- Тәртіптік кеңестің берген барлық ұсыныстары 100% орындалады. Яғни, мемлекеттік қызмет этикасын өрескел бұзғандар міндетті түрде жазаланады. Ал, жаза, оның әрекетінің ауыр немесе жеңілдігіне қарай және мемлекеттік қызметтің бет-беделіне келтірген нұқсанына орай қолданылады. Мәселен, Жақсы ауданында құрылыс бөлімінің жетекшісі есірткі пайдаланып, көлік тізгіндеген. Ол бірден жұмыстан қуылды. Ал, Садовое ауылының әкіміне қатысты іс, ол емделіп шыққан соң жалғасады.

Жалпы соңғы екі жарым жылдың ішінде 60-тан астам мемлекеттік қызметкердің өрескел әрекеттері тәртіптік кеңесте қаралса, олардың 10 шақтысы әкімдердің ісі. Ал қалғандарының басым бөлігі басшылық қызметтегі түрлі лауазымды тұлғаларға қатысты. Айта кетейік, тәртіптік кеңес жиыны екі айда кемінде бір рет болу керек. Ал Ақмола облысында ол, осындай тәртіпсіздіктердің себебінен ай сайын өтеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы