Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көктемде Іле және Жетісу Алатауындағы жеті мұздық көл тасуы мүмкін

  • 118
  • UPD: 22:27, 26.08.2019

Қауіптің бетін қалай қайтаруға болады? «Қазселденқорғау» мекемесі мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті қазірден бастап табиғи апаттың алдын алуға кірісіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, тау аңғарындағы көлдерге суағар орнатып жатыр. Қауіпті сейілту жұмыстарын біздің тілшілеріміз де көріп қайтты.

Жетісу Алатауындағы №18 көл 3500 метр биіктікте жатыр. Оның ауқымы ұлғая бастағанын мамандар өткен жылғы әуеден барлау кезінде байқаған. Тексере келе, су көлемін азайту туралы шешім қабылдапты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Мәңгілік мұздықтар жатқан Тастыбүйен тау шатқалындағы мына ойпатқа 740 мың текше метр су жиналады. Ерте көктемде оның көлемі артып, үш елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан сала мамандары құбыр төсеп, суағар жасай бастады.

200 диаметрлік құбырлар Қапал ауылынан адам аяғы баспаған құзар шыңның етегіне тікұшақпен жеткізілді. Олардың әрқайсысы өзен арнасындағы тастар тазаланғаннан соң бір-біріне жалғанып, еңіске қарай тартылады. Бұл мұздық көлдегі судың жылдам ағуына мүмкіндік бермек.

Мейрам Нұрұмбетов, «Жетісу Алатауы аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының басшысы:

- Су өткізу көлемі каналмен және сифон арқылы жарты куб су ағызылады. Сонда екі айда 3,5 млн куб су төмен қарай ағызылады. Сонда төмендегі ауылдарға қауіп төнбейді.

Алматы облысындағы тауларда 675 көлшік бар. Осы жылы солардың жетеуінде, яғни, Қаскелең, Талғар, Түрген, Қорғас, Сарқан және Бүйен өзендерінің бастауында сел жүру қаупін сейілту шаралары қолға алынған.

Қанат Алтынбеков, облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін аталған ықтимал қауіпті жеті көлге республикалық бюджеттен 34 млн теңге қаражат бөлінген. Және қазіргі уақытта Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен мұздық көлдерде батиметрикалық жұмыстарын жүргізу мақсатында керекті құрал жабдықтар және мүліктер алынуда. Бүгінгі таңда облыста сел жағдайы тұрақты.

Келесі жылы облыстағы мұздық көлдің бесеуіне суағар орнатылады. Табиғи апаттың алдын алуға бағытталған мұндай жұмыстар кезең кезеңмен жүргізілмек. Сөйтіп, аса қауіпті деп танылған 200-ден астам көлшіктегі су деңгейі төмендетіледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы