387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қандай жеңілдіктер бар?

  • 180
  • UPD: 01:01, 27.08.2019

Өнерліге өріс кең. Ғылым-білім біздің жұртқа да керек-ақ. Өскелең ұрпақты осы ғылымға икемдесек ұтарымыз көп. Ол үшін балаға орта керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ осы ғылымға қызығар бала аз екен. Ал үйірмелер ақылы. Ауыл-аймақты айтпай-ақ қояйық елорданың өзінде тегін үйірмелер жетіспейді.

Қазір қалада ақысыз комьюнити-орталықтары жұмыс істеп тұр. 30-ға тарта аула клубтары бар. Ал ойын баласы ғылымнан көрі бассейнге құмар. Арна тілшісі Мерей Мұратханқызы көптің ішінен көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қандай жеңілдік қарастырылғанын анықтап көрді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Баласының бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға асыққан ата-ананың қарасы қалың. Бәрі де ұрпағының сенімді әрі қолжетімді ұйымда тәрбиеленгенін қалайды. Оқушылар сарайында таңдау көп, бірақ барлық балаларды түгел қамтуға мүмкіндік қайда? Қазірдің өзінде көпшілік сұранысындағы хауызға жазылу тоқтатылды.

Үйірмеге тіркеудің алғашқы күні-ақ бассейнге жазылғандардың саны 1200-ге жетті. 6 жолақты хауызға түсуге рұқсат етілген мөлшер осы.

Ербол Іргебай, қалалық оқушылар сарайының директоры:

- Біз одан көп бала ала алмаймыз. Себебі, санитарлық нормалары бар. Суды тазартып тұруымыз керек. Оның құрамын апта сайын біз тексеріп отырамыз. Үсті-үстіне бала қабылдауға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан ата-аналар тарапынан сұраныс өте көп. Менің ұсынысым бойынша осы Нұр-Сұлтан қаласындағы әрбір ауданда бір-бірден балаларға арналған бассейн салу қажет. Өйткені балалардың сұранысы өте көп.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында спорт, ғылым мен техника, өнер саласы қамтылған 127 үйірме бар. Көпбалалы немесе аз қамтылған отбасынан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балалар жеңілдікті пайдалануға құқылы.

Ербол Іргебай, қалалық оқушылар сарайының директоры:

- Біздегі ғылыми-техникалық бөлім өте үлкен бөлім. Құрамында бірнеше бөлімдеріміз бар. Бұл химия ғылымына, биология ғылымы, физика ғылымы, ғарыштану, кеме модельдеу, автомодельдеу ғылымына қатысты бөлімдер. Өзге үйірмелерге қарағанда осы үйірмелерге, шыны керек, бала саны аз келеді. Қалай дегенмен де, инженерлік ғылымға сұраныс көп емес. Біз бюджеттік топтарға арнайы бұл жаққа көбірек бөлеміз.

Былтыр үйірмелерге жазылған 11 мың баланың 7000-ына тегін қызмет көрсетілген. Төрт перзенттің әкесі Алтынбек Раушановтың айтуынша, ақысыз жаттығу алаңдарының көп болғаны маңызды. Себебі, баланы қалаған үйірмесіне беру ата-ана қалтасына едәуір салмақ салады.

Алтынбек Раушанов, қала тұрғыны:

Бес бала жеңілдікпен болады екен. Қалған 30 бала ақылы болады екен. Сол бес баланың ішіне кіріп үлгерсек, жеңілдікпен қалады екенбіз. Үлгермесек, кіре алмайды екенбіз. Маған қиын болады. Неге десеңіз, 1 секцияның өзі 15 мың, 30 мыңға дейін барады. Оның балабақшасы бар тағы да. 40-45 мың. Оның бәрін есептегенде, 1 жанұяға қиын болады.

Айтпақшы, биылдан бастап Оқушылар сарайындағы үйірмелерге арнайы сайт арқылы тіркелесіз. Жаңашылдық енген бірінші күні-ақ белсенділік күшті болды. Салдарынан сайт жұмысы тоқырап қалды. Тиесілі жеңілдігін пайдалануға асыққан ата-аналар болса, үмітін үзер емес.

Блиц:

- Негізі бір бала бір үйірмеге бір отбасынан тегін. Біреуі ең болмаса тегін, екеуі ақылы болады. Баланың денсаулығы үшін амал жоқ, бересің. Оның үстіне балалар ұйымы болғандықтан көрейік деп тұрмыз.

Елордада инклюзивті оқытумен айналысатын жаттықтырушылар жетіспейді. Қазір оқушылар сарайында бар мамандарды шетелден оқыту қамы жасалуда. Ал үйіріп әкетер үйірмелерге тіркеу 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Сұлтан Қалдыбеков

Хабар 24 телеарнасы