389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында Тұрмағамбет ауылының 60 жылдығы атап өтілді

  • 322
  • UPD: 23:15, 26.08.2019

Тұрмағамбет ауылында «Сыр сүлейлері» аллеясы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылорда облысындағы 100 шайыр шыққан мекеннің тарихы мен мәдениетінен хабар беретін бұл саялы орын Тұрмағамбет ауылының 60 жылдығы мен Жиенбай жырау Дүзенбетұлының 155 жылдығына орайластырылған. Жас ұрпаққа өткенге құрметпен қарауды үйретуді көздеген шаралар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жемісі.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бір ауылдан шыққан 117 шайырдың есімі мына тақтада жазылған. Тұрмағамбет ақын атындағы ауылдың төріндегі көрнекі орын жыраулық өнер жүйріктерінің құрметіне арналыпты. Кезінде Елбасы батасын беріп, домбыра сыйлаған елеміздегі ең жас жыршы - Арай Оңғарқызының ұстазы Зәуре Кәрібаева да ұлы өнерді өміршең етер игі бастаманың жас ұрпақ үшін маңызды екенін айтады.

Зәуре Кәрібаева, «Тасберген жырау» үйірмесінің жетекшісі:

- Осы бабаларымыздың салған сара жолын келешек ұрпаққа паш етіп, артында өлмес мұра қалдыру жолында еңбек етудеміз. Осы ауылымызда бүгін болып жатқан шаралардың барлығын қарап тұрсаңыз, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай келеді деп ойлаймын. Келешек ұрпақтарымызға көрсетіп, айтып жатырмыз. Мынау осы біздің жыраулық өнеріміздің негізін қалап кеткен ата-бабаларымыз деп.

Мерейтой аясындағы рухани шаралар тізбегі жыршылар фестивалі мен «Сүлейлер өсіп-өнген қарашаңырақ» атты ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Сондай-ақ «Жүз жырауды тербеткен алтын бесік» кітабының тұсауы кесілді.

Жұмабек Аққұлов, жырау:

- Мысалы Ешнияз салдың өзі 1834 жылы дүниеге келген екен. Содан бері қарай бірін-бірі тәрбиелеп, тәрбиелеп келіп, осы 100 шайырдың бір жерден шығуына сол кісілердің үлкен әсері бар. Өйткені олар бірне - бірі мектеп қылып беріп отырған.

Басты мақсат – келешек ұрпаққа ұлт құндылығының алтын мұрасын тапсыру. «Ғасырлармен үндескен сүлейлер еңбектерін насихаттау, тарихты тану», - дейді  айтулы шараға ұйытқы болғандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы