386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 180 отбасы мемлекет жәрдемақысына кәсіп ашты

  • 242
  • UPD: 10:05, 27.08.2019

Атаулы әлеуметтік көмек тұрмысы төмен отбасылардың жеке кәсіп ашуына мүмкіндік беріп отыр. Түркістан облысының Келес ауданында 180 отбасы мемлекеттен берілген жәрдемақыға өз кәсібін ашқан. Шартты және шартсыз жәрдемақыны кімдер алады? Оның талаптары қандай? 

Нұрдәулет Жаппаров Абай ауылының тұрғыны. Үш баланың әкесі. Бұған дейін отбасын асырау үшін әр жерде жалданып жұмыс істеген. Тұрақты кәсібі болмағандықтан табысы да мандымапты. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 300 мың теңгеге дәнекерлеу және жылу жүйесін жүргізу аппаратын сатып алған. Қазір қолынан іс келетін жігіт ағасы елдің үйіне газ кіргізіп, қақпасын дәнекерлеп жүр. Табысы көбейіп, тапсырысы артқан. Мемлекеттен алатын ендігі 900 мың теңгеге үлкен цех ашып, кәсібін кеңейткісі келеді. 

Нұрдәулет Жаппаров, Абай ауылының тұрғыны:

- Сол цехта мына халыққа қақпасы бар, жылыжайы бар, соларға қажетті құбыр иетін қондырғылар болады, соны аламыз. Солармен жұмыс істесек. Өзімізге өзіміз жұмыс тауып, елге қызмет жасасақ. Қазір екі көмекшім бар, енді қабілеті бар, дәнекерлеу қолынан келетін жігіттерді тағы да тартып, Келесті көтеруге үлесімізді қоссақ деген ниетіміз бар.

Келес ауданында биыл атаулы әлеуметтік көмек алуға 10500 отбасы өтініш берген. Учаскелік комиссияның қорытындысымен халықты жұмыспен қамту орталығы 7870 отбасыға шартты және шартсыз жәрдемақы тағайындаған.

Нүрипа Темірбаева, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- 7452 отбасы шарттымен тағайындалды, шартсызына 418 отбасы тағайындалды. Жұмысқа жарамды азаматтар шартты болып есептеледі. Олар алған қаражатқа кәсіп ашып, кедейшілік шегінен шығуы керек. Жалғызбасты аналар, жұмысқа уақытша жарамсыз азаматтар, мүгедек балаларға қарайтын отбасыларға шартсыз беріледі. Ол 6 айда бір тағайындалып отырады.

Келес ауданында мемлекеттен жәрдемақы алған 180 отбасы өз кәсібін ашқан. Ал Түркістан облысында 419 мың адамға, яғни 71 мыңнан астам отбасыға 56 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті. Соның ішінде 4800 отбасы кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның 1800 көп балалы отбасы. Ендігі мақсат бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап, көмекке мұқтаж жандардың аяққа тұрып кетуіне қолғабыс жасау.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы