389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі Талапкер ауылы халқының 80% астанаға қатынап жұмыс істейді

  • 198
  • UPD: 10:54, 27.08.2019

Ақмола облысындағы Талапкер ауылы тұрғындарының 80 проценттен астамы қалаға қатынап еңбек етеді. Себебі елорда іргесіндегі елдімекеннің өзінде тұрғындардың барлығына бірдей жұмыс табыла бермейді.

 Бұл Талапкер ауылының жеті жасар тұрғыны. Есімі Темірлан. Қаланың іргесінде тұрса да туып-өскен ауылынан әзірге ұзап шыққысы жоқ. 

- Саған ауыл ұнай ма, қалай ұнай ма?

- Ауыл.

- Ауыл саған несімен ұнайды?

- Өйткені мұнда жақсы. 

Ал оның анасы туралы олай дей алмаймыз. Ұл-қызының болашағына алаңдаған ол оқудан тыс уақыттың зая кетіп жатқанына қынжылады. Сондай-ақ ересектердің өзі мұнда екі қолға бір күрек таппай қиналады дейді. Сондықтан ауылдағы өмірден мегаполистегі тіршілікті тәуір көретінін жасырмайды. 

- Перспектива көп ғой қалада. Балалардың баратын жері бар. 

Талапкердегі өзге де отбасылардың пікірі осыған ұқсас. Жалпы, бұл елдімекенде 15 мыңға жуық тұрғын бар десек, соның басым көпшілігі, нақтырақ айтсақ 80 проценттен астамы Елордаға қатынап жұмыс істейді. Тіпті көршілес төрт ауылдың тізгінін ұстап отырған әкім де отбасымның қызметі бас қалада дейді. 

Орынбай Қасымов, Талапкер ауылының әкімі:

- Жолдасым мен үлкен қызым бірге тұрамыз, екеуі де қалада қызметте. Көрдіңіз бе. Үш адам болғанын қайтейін, өзім ауылдамын. Ол кісілер қалада. Жұмыс болмағаннан кейін қайда барады енді? 

Ал ауылдағы азаматтардың дені мемлекеттік қызметте. Олар жалақысы тым жоғары болмаса да тұрақты табыс көзі дегенді алға тартады. Тіпті атаулы әлеуметтік көмекпен күнелтіп отырғандар да аз емес көрінеді.

- Жалақылары аз болғаннан кейін документ қабылдап, ақша алып, балалардың ақшасымен күн көріп отыр шынын айтқанда. 

Кейбір тұрғындар жеке кәсібін дөңгелетсе, енді бірі мал өсірумен айналысады. Жерлестерін жұмыспен қамтып отырған сондай шаруашылықтардың біріне біз де бас сұқтық. Бастапқыда спорттық бағытта болған мектеп қазір ірі шаруа қожалығына айналған. Дегенмен, кәсіп иесі көкпардан қол үзбей, жергілікті 12 шабандозды баптап отыр. 

Әбіш Уәлиев, кәсіпкер:

- Ақтөбеге барамыз. Фестиваль болады. Көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге алу, соған апарамыз балаларды. 

Жергілікті әкімдік өкілдері ауылды көркейтіп, жаңа жұмыс орындарын  ашуға арналған жоспарлар жөнінде айтты. Олардың жүзеге асу-аспауы уақыттың еншісінде. Ал Талапкердің біз көрген бүгінгі тыныс-тіршілігі әзірге осындай. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы