387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматының Саин көшесінде жылдамдық режимі ұлғайтылды

  • 406
  • UPD: 14:08, 27.08.2019

Алматының Саин көшесіндегі жылдамдық режиміне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, яғни 27 тамыз сағат 00:00-ден бастап әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолында 80 км/сағ жылдамдық рұқсат етілді. Тек Бағанашыл ықшамауданындағы Ходжанова көшесіне дейін және Кіші Желтоқсан көшесінде жоғары жылдамдық сағатына 60 шақырым сол күйінде қалды. Себебі, бұл учаскелерде қауіпті бұрылыстар көп.

«Біз Саин көшесінің бойындағы жол жағдайы мен апаттар деңгейіне қосымша талдаулар жүргіздік. Нәтижесінде осы көшеде рұқсат етілген жылдамдық шегі 80 шақырымға дейін ұлғайтылады. «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің камералары техникалық қайта жөндеуден өткізіліп, жұмыс күнінің соңына дейін жол белгілері ауыстырылады», – дейді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.

Сонымен бірге мегаполис полициясы жүргізушілер мен жүргіншілерге жол ережелерін сақтау және қала жолдарындағы қауіпсіздік шараларын ескеру керектігін айтты.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолына 80 шақырым жылдамдықты қайтару және Байтұрсынов мен Қонаев көшелеріндегі веложолды алып тастау туралы шешім шығарған болатын.

«Мұндай шешім қабылдауға қалалық Қоғамдық кеңестің ұсыныстары мен қала тұрғындарының өтініштері себеп болды», – деді Бақытжан Әбдірұлы өзінің әлеуметтік парақшасында.

Естеріңізде болса, қаңтар айында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен шағыс айналма жолындағы жылдамдық сағатына 60 шақырымға төмендетілген еді. Сол кезде ұсынысты бірауыздан қолдаған Қоғамдық кеңес мүшелері енді жылдамдықты бұрынғы қалпына келтіру туралы шешімді құптап отыр.

Хабар 24 телеарнасы