385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда апатты деп танылмаса да, адам тұруға қауіпті нысандар көп

  • 125
  • UPD: 22:30, 27.08.2019

Ауыл тұрмақ, қалада проблема шаш етектен.

Соның бірі – тозығы жетіп, құлағалы тұрған апатты тұрғын-жайлар. Оралда осындай 6 ескі үйді бұзылады. Олардың орнына жаңадан бой көтеретін жаңа үйлерден 68 отбасы баспаналы болмақ. Дегенмен қалада апатты деп танылмаса да, адам тұруға қауіпті нысандар жетерлік. 

Гагарин көшесіндегі мына үй өткен ғасырдың орта шенінде салыныпты. Көне ғимарат – қазір 24 отбасының ортақ қонысы. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде тұру қауіпті. Бірер ай бұрын мына пәтердің балконы құлап түскен. Абырой болғанда, адамдар аман. 

Рәзия Қуанышәлиева, қала тұрғыны:

– Үй нашар, әрең тұрған. Балкон міне, көріп тұрсыздар, құлап жатыр. Қорқамыз, балаларымыз немерелеріміз бар.

Людмила Саренко, қала тұрғыны:

– Бәрін ауыстыру керек, әйтпесе сылап-сыйпап амалдап келеміз. Бәрібір түсіп қалады. Сондықтан бұл үйді бұзып, орнына жаңа үй салғанын қалаймыз.

Өкінішке қарай, дәл осы үйге қатысты жергілікті биліктің қандай шешім алғанын анықтау мүмкін болмады. Айта кету керек, 2015 жылдан бері қалада осындай 18 үй бұзылыпты. Олардың орнына көп қабатты 4 үй бой көтерді. Қазір құрылысы жүріп жатқан төрт үй жыл соңына қарай пайдалануға беріледі. Есқалиев және Ружейников көшелерінде салынатын 2 үйге 50 отбасыны қоныстандыру көзделіп отыр.

Қайрат Досанов, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі таңда қала бойынша 41 үй апатты деп танылды. Тағы 200 үйдің жағдайын әбден ескірген деп бағалап отырмыз. Бұл үйлерде 1381 отбасы тұрып жатыр. Бұл бағдарлама біз үшін өте тиімді. Сол себепті оны келешекте «Нұрлы жер» бағдарламасына қосу туралы ұсыныс білдіріп отырмыз.  

Айта кету керек, аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 17 көп пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осы арқылы 2 мыңнан аса отбасы баспаналы болмақ. Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде 50 тұрғын үй пайдалануға берілмекші.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы