387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада құрылысы біткен зәулім үйде жарық пен су жоқ

  • 163
  • UPD: 22:12, 27.08.2019

Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылысы біткен зәулім үйде жарық пен су жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі коммуналдық желілері дайын емес. Іргеден құбыр мен сым тартудың қиындығы да жоқ.

Бірақ екі мекеме арасындағы құрғақ даудың кесірінен мәселенің оң шешімін табар түрі көрінбейді.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Дау туындаған тұрғын үй сол жағалаудағы Қабанбай батыр даңғылы мен Орынбор көшесінің қиылысында орналасқан. Жалпы ауданы – 30 мың шаршы метр. Көріп тұрғанымыздай, құрылыс аяқталуға таяу. Тек алты айдан бері инженерлік желілер тартылмай отыр. Неге?

Жауап берейік. Ауданы 30 мың шаршы метр болатын тұрғын жай кешеніне іргесінде тұрған «Сарыарқа» велотрегінен су мен жарық берілуі керек еді. Ол үшін құрылыс компаниясы «Астану су арнасы», «Астана РЭК» сынды монополиялық мекемелерден техникалық талаптар бойынша рұқсат алған. Нысан қала құрылысы кадастрының жүйесіне енгізілген. Бірақ велотректің басшылығы өз аумақтарындағы су мен жарық жүйесіне тұрғын үйді қосуға қарсы.

Нұржан Оразақов, құрылыс компаниясының өкілі:

– Спорт комитеті де рұқсатын берді. Бірақ «Сарыарқа» велотрегінің басшылығы үйді инженерлік желілеріне қосуға қарсы. Бұл тұрғыда ешқандай проблема болмауы керек еді негізі. 

«Велотректегілердің» шіреніп отырғаны несі? Сөйтсек бұл маңдағы су мен жарық желілері аталған спорт кешенінің балансында екен. Енді құлақтары тыныш болу үшін «Сарыарқаның» басшылары жоғары вольтты жабдық пен кабельді «Астана РЭК-тің» иелігіне өткізуді қалап отыр.

Бекболат Байжанов, велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының директоры:

– Егер қазір әкімшілік өзіне қабылдайтын болып, мемлекеттік мүлік комитетіне хатпен шықса, біздің уәкілетті органымыз келісім берсе, біз жұмысты бастап, әкімшілікке беретін боламыз. Ол 3 апта болуы мүмкін, 1 ай болуы мүмкін.

Даулы мәселе бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы қоғамдық кеңесте қаралды. Кеңес төрағасы Ирак Елекеев «құрылыс компаниясы мен велотректің өкілдері бір ай емес, жуық арада нақты бір келісімге келу керек», - деді.

Ирак Елекеев, «Атамекен» ҰКП жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Әкімге қазір хат жазып жібереміз. Екі апта мерзім беріледі. Екі аптаның ішінде осы мәселе шешілсін! Шешілмесе жағдай басқаша болады.

Екі аптада тараптар уағдаласа ала ма? Жоқ әлде коммуналдық желілер тағы тартылмай қала ма? Оны уақыт көрсетеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы