389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға бас бостандығынан айырылды

  • 282
  • UPD: 22:24, 27.08.2019

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Ақтауда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Серік Аманғалиевке қатысты үкім шығарды. Экс шенеунік былтыр қараша айында аса ірі көлемде пара алып ұсталған болатын.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Бір ай бұрын басталған қылмыстық іске бүгін нүкте қойылды. Сот процесі ашық өткендіктен, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Серік Аманғалиевке қатысты сот үкімін естуге мүмкіндік туды.

Гафур Шаров, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4 бөлігімен айыпталған Аманғалиев Серік кінәлі деп танылсын. Және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Аманғалиевке мемлекеттік қызметке қарсы аса ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тағылған еді. Ол Ақтауда мұз сарайын салмақ болған кәсіпкерді өз қамқорлығына аламын деп, одан қомақты пара алған. Ұлттық бюроның мәліметінше, айыпталушы қызметі үшін 400 мың еуро талап еткен. Оның 150 мыңы ұсталған кезде Аманғалиевтің сөмкесінен табылған. Осылайша, өткен жылдың 5 қарашасында ол сот санкциясымен қамауға алынған болатын.

Сәуле Көпжанова, Серік Аманғалиевтің қорғаушысы:

– Біз сот шешіміне риза емеспіз. Соттан қомақты айыппұл салады деп үміттендік. Менің қорғауымдағы азаматты бас бостандығынан айырғаннан гөрі, одан үлкен көлемдегі қаржыны өндірген әлдеқайда тиімді болар еді. Мемлекет ол қаржыға аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар тұрғызар еді. Жемқорлар қарақшы, зорлық жасаушылар сияқты қоғамға физикалық қауіп төндірмейді ғой, сол себепті айыппұл салу керек еді.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Айыпталушының қорғаушылары сот шешіміне қарсы шағым түсіруге бекініп отыр. Ал әзірше Серік Аманғалиев қауіптілігі төмен түзеу мекемесінде жазасын өтейтін болады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы