389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жатақханасы төңірегінде дау шықты

  • 178
  • UPD: 22:25, 27.08.2019

Жатақханада орын жетпей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 250 студенті пәтер жағалайтын түрі бар. Өйткені дау көп.

Студенттерге орын тауып бере алмаған оқу орнының басшылығы бұрынғы қызметкерлерін кінәлайды. Себебі шатақ шыққан бесінші жатақханада осы университетте жұмыс істеген 50 шақты адам тұрады. Оқу орны олардан тұрып жатқан бөлмелерін босатуды талап етіп, сотқа арызданған. Бірақ мәселе 3 жылдан бері шешілмей келеді. 

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығы биыл барлық баланы жатақханамен қамтамасыз етеміз деп уәде берген. Яғни 21 тамызға дейін 1150 бала жатақханаға орналасты. Алайда 250 студентке орын жетпей қалды. Олардың арасында ата-анасыз өскен және жағдайы төмен отбасылардың балалары да бар. Егер 5 жатақханада тұрып жатқан университеттің бұрынғы қызметкерлері бөлмелерін уақытылы босатқанда, мұндай жағдай болмас еді деген уәж айтады оқу орнының басшылығы. 

Думан Ақатаев, қала тұрғыны:

– Қазір студенттерге жатақханада жататын орын жоқ деген сылтаумен бізді мына жерден шығармақшы.

Өз бетімен жатақхананы басып алды деген тұрғындардың барлығында ректордың мынадай құжаты бар. Ол жерде уақытша тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерді магистранттар жатақанасынан 5-жатақханаға көшіру жөнінде бұйрық жазылған. Бірақ содан бері бұрынғы қызметкерлер университетпен дауласып келеді. Жатақханадан шыққан шатақ сотқа да жетіп, биыл 16 сот отырысы өтті. Сот шешімі университет пайдасына шешілгенімен, тұрғындардың бөлмелерді босатуын кейінге шегерген.

Айнұр Мейрамбекқызы, қызметкерлерді басқару департаментінің директоры:

– Сот шешімі бар. Олар шықпайды. Біз қанша тырыссақ та, олар шықпайды. Оны сот орындаушылар жасау керек негізі.

5-жатақханада тұратын 50-ге жуық отбасы басқа барар жеріміз жоқ деп отыр. Араларында зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар бар. Аумағы 20 шаршы метр екі бөлмеге айына 40-45 мың теңге төлейді. Алайда жалпы пәтерақы мен коммуналдық төлем қарызы бүгінде 15 млн теңгеге жетіпті. Соған қарамастан, жатақанада тұратын ұстаздар өз бөлмелерін жекешелендіруді мақсат етеді.

Думан Ақатаев, қала тұрғыны:

– Қазір соттасып жатқанымыз, бұл жатақананы жекешелендіріп өз атымызға аударып алу. Бізде негізсіз емес. Өйткені өзіңіз қазір көріп тұрсыз, 5 қабатты жатақхана болса, ең астыңғы бірінші қабатын жекеменшікке сатып жіберген.

Жаңа оқу жылы басталуға аз күн қалды. Алайда университеттің 4-жатағында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Құрылыс әлі екі айға созылмақ. Ал Қабанбай көшесінде орналасқан докторанттар мен магистранттарға арналған жатақхана тіпті қараусыз қалыпты.

Алмас Садуақас, тілші:

– Ал бұл жатақхананың қазіргі жағдайы жабырқаулы. Былтырдан бері мұнда ешкім тұрмайды және биыл да бірде бір студент орналастырылмайды. Жатақхананың бірінші қабатындағы терезелерге және есікке темір тор орнатылған. Ал күзеттің жоқтығынан және қарусыз қалғаннан кейін кейбір терезелер шағылған.

Қаңырап тұрған ғимараттың төңірегі лас, қаңғыбас адамдар мекеніне айналған. Егер ол жөнделіп, студенттер мен болашақ ғалымдар игілігіне берілсе, мұндай дау туындамас па еді?! Университет өкілдерінің айтуынша, бұл жатақхана апатты ғимарат деп танылған.

Айнұр Мейрамбекқызы, қызметкерлерді басқару департаментінің директоры:

– Ол жерге орналастыру мүмкіндігі жоқ бізде. Ол сатылып кеткен деген мүлдем дұрыс емес. Ол жерге өзіміздің жобаларымыз бар. Мүмкін жатақхана соғылады деген бюджеттен қарастырылып жатыр.

5-жатақхана тұрғындары 9-жатақханың апатты жағдайда екеніне сенбейді. Өйткені оны дәлелдейтін құжаттары жоқ дейді олар. Өздері тұрып жатқан бөлмелерді босату жөніндегі сот шешімі де әлі толық шықпаған. Сондықтан мұндағы дау әлі ұзаққа созылатын түрі бар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы