387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда жыл басынан бері 260 өрт оқиғасы тіркелген

  • 101
  • UPD: 09:14, 28.08.2019

Жыл басынан бері Алматыда 260 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 158-і жеке үй секторында болыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Айтып келмейтін апатпен ойнамай, абай болсақ, жазатайым жағдайлар да аз болар еді», - дейді отпен арпалысқан батырлар.

Күні-түні сақадай-сай, сергек отыратын жігіттер 20 секундта арнайы киімдерін киіп, өрт ошағына қарай аттануы тиіс. «Санадағы ең алғашқы ой- адам шығынын болдырмай, қызыл жалынның өршіп кетуіне жол бермеу», - дейді олар. Талап бойынша өрт сөндіру қызметі оқиға орнына 10 минут ішінде жетуі керек. Бірақ Алматының кептелісі мен тұрғындардың  өздері  кедергі жасайды. 

Алуа Маханбет, тілші:

- Автокөліктерді осылай қалдырып кету және шлагбаумдардың болуы өрт сөндіру техникасының аулаға кіруіне үлкен кедергі жасап келеді. Өрт болған жағдайда әрбір минут емес, секунд қымбат.

Шыңғыс Көккөзов, өрт сөндіруші-құтқарушы:

- Мынандай үлкен ғимараттардың ортасында түнгі уақыттарда машиналарды қатар-қатар қойып тастағаннан кейін біз шақырылған жерге уақытында жете алмаймыз.

Алматы қаласы бойынша 17 өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі мен бір мамандандырылған бөлім бар.

Родриго Розенбергс, қалалық өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары:

- Бізге Алатау, Наурызбай және Бостандық ауданының кейбір аумақтарына жету қиындау. Сондықтан қазір бұл мәселе басты назарда. Жылдың соңында Алатау ауданындағы бөлімшенің құрылысы басталады.

Алуа Маханбет, тілші

- Осы жазда Алматыда бірнеше қойма мен Көк-Төбе бөктері өртке оранды. Әрине, мұндай жағдайда арнайы техниканың рөлі аса маңызды. Солардың бірі, тек Алматыда бар 90 метрлік крандар мен мына мотоэкипаждар.

Бұл мотоэкипаждың негізгі міндеті өрт болған жерге жылдамырақ жету. Сонымен қатар, сол жердегі адамдарды тезірек эвакуация жасап және негізгі техниканың сол аймаққа кедергісіз кіруіне мүмкіндік жасау.

Алматы гарнизонында 1236 адам жұмыс жасайды. Жеке құрамға  әлі де 50-ге жуық маман жетіспейді. Келемін деушілер көп емес. Себебі, мұнда алғаш келгендер шамамен 60-65 мың теңге жалақы алады. Бірақ өз жұмысын адал атқаруға бұл кедергі емес.

Шыңғыс Көккөзов, өрт сөндіруші-құтқарушы:

- Өртке барғанда елдерге көмегіңді көрсетсең, адамдардың рахметін алған ол ерекше мәртебе деп сезінемін өзім.

Құтқарушылардың көмегіне жүгінбей, апаттың алдын алып, өрттен абай болған әлдеқайда абзал.

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы