386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбенің тұрғын үй секторында рейд жұмыстары жүргізіліп жатыр

  • 76
  • UPD: 09:47, 28.08.2019

Ақтөбенің тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған рейд жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай шара жылыту маусымы қарсаңында жылда өткізіледі. Алайда, тілсіз жаудың тіркелуі тыйылмай отыр. Тек жыл басынан бері тұрғын үй алаптарында 321 өрт оқиғасы болған. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері бау-бақша ұжымдарының тұрғындарына тиісті ережені түсіндіріп жүр.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды түсіндірген мамандарға Ертай Разақов үйдегі жылыту жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Жауапты мекемелердің талабына сай жүргізілген желіден ешқандай ақау шықпаған. Қауіпсіздікке мейлінше көңіл бөлетін үй иесі шағын газ қазандығы мен мұржаны жыл сайын күзде өзі тазалайтынын айтады. Себебі, оның бітеліп қалауынан бұл аумақта бірнеше рет оқыс оқиға болған еді.

Ертай Разақов, қала тұрғыны:

- Қауіпсіздік шарасы ескертулі. Үлкен адам үнемі үйде болады. Екі кішкентай бала бар үйімізде, күндіз сабақта, балабақшада. Бірақ үлкен адам әр уақытта үйде. Қауіпсіздікті өзіміз үшін сақтаймыз

Қалаға жақын орналасқан бұл бау-бақша ұжымында мыңдаған адам тұрады. Соңғы жылдары жеке тұрғын үй мәртебесі беріле бастаған соң баспана тұрғызушылар да жиілеген. Ал, төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертіп келеді. Кейде, есік ашпай мамандарды қақпадан кіргізбейтін тұрғындарда кездесетін көрінеді. Бірақ, көбі, бұл шараның маңызды екенін түсінеді.   

Өрт қауіпсіздігін сақтау бағытталған рейд жұмыстарының басталғанына екі апта өтті. Осы аралықта 250 үйдің тұрғындарына тиісті ережелер түсіндірілген.

Азамат Жұмабаев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

- Жылыту маусымы кезінде негізгі өрттің саны тұрғын секторларында жиі кездеседі. Өрттің пайда болуының себебі пешті дұрыс пайдаланбау, отты абайсыз қолдану болып отыр. Улы газ тұрғындар үшін аса қауіпті. Өрт оқиғасы орын алмаса да, пеш жанғанда улы газ бөлініп, ауаға тарайды. Сол себепті өрттерден зардап шеккендердің көбі оның тікелей әсерінен емес, улы заттан, түтіннен тұншығып қаза болып жатады.

Жалпылай алғанда, жыл басынан бері облыста 320-дан астам өрт оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тапқан. Тілсіз жаудың негізгі себебі – отты дұрыс пайдаланбаудан болыпты.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы