387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сарыарқа» газ құбырының алғашқы кезеңі желтоқсанда аяқталады

  • 179
  • UPD: 16:11, 28.08.2019

«Сарыарқа» магистральді газ құбыры елордаға желтоқсан айында жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жобаның алғашқы кезеңдегі құрылыс жұмыстары Қарағанды облысының Шахтинск қаласына жақындады. Ұзындығы 1061 шақырымға созылатын құбырдың 885 шақырымында дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. Яғни, магистральді газ құбырының 83%-і төселді. Бұл туралы бүгін Энергетика министрлігінің алқа отырысында мәлім болды. Жиында «Қызылорда - Нұр-Сұлтан» учаскесіне жауапты мекеме өкілдері қазіргі жұмыс барысынан хабардар етіп, жобаның кестеге сай іске асып жатқанын атап өтті. «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезеңі 171 елді мекенді көгілдік отынмен қамтуы тиіс. Бұл жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылады. Жылу-электр орталықтары газ желісіне қосылған соң тариф бағасы да өзгереді. Бірақ төлем көлемі газ құбыры толық аяқталғаннан кейін анықталады.

Зияш Қияқбаев, ҚР Энергетика министрлігі газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры:

- Тарифті белгілеуде әр өңірдегі экономикалық-әлеуметтік даму барысы, яғни халықтың әл-ауқатын ескере отырып, осындай тарифтер белгіленетін болады. Осы жылдың аяғына дейін магистральді газ құбыры құрылысы толығымен білетін болады. Магистральді газ құбыры құрамында аталған бес автоматтандырылған газ тарату станцияларының да құрылысы бірге бітетін болады.

Алқа отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елордадағы жылу-электр орталықтарын газға қосу жұмысын сынға алды. Ел астанасындағы газ желісіне жауапты мекемелер белгіленген кестеден жарты жыл қалып қойған. Тіпті жылу-электр станцияларында тиісті жаңғырту жұмыстары әлі басталмаған. Сондықтан олар табиғи отынға тек 2020 жылы көшеді. Ал Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласында жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Министр осы аймақтағы жауапты тұлғалардың да есебін тыңдады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Осы жылдың аяғында алғашқы тұтынушыларды газға қосу қажет. Әсіресе, ол Жезқазған облысы. Сол ауылда газ болу керек. Желтоқсан айында мен келемін, әкіміңізбен ілесіп, барып сол жақтың газын қосатын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы