385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік қызметшілерге смартфон пайдалануға рұқсат беру ұсынылды

  • 121
Мемлекеттік қызметшілерге смартфон пайдалануға рұқсат беру ұсынылды inform.kz

Мемлекеттік қызметшілерге смартфон пайдалану мүмкіндігін беру – цифрлық дәуір талабы. Бұл пікірді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 38. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің орташа еңбек өтілі – 10 жыл. Яғни, бұл цифрлық өркениет жетістіктерін меңгеруге толық мүмкіндік береді деген сөз. Мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі жаңа технологияларды өз жұмыстарында еркін пайдалана алатынын нық сеніммен айтуға болады», – деді Агенттік өкілі астанада өткен «Цифрлық өркениет дәуірінде мемлекет пен қоғамның трансформациялануындағы Конституцияның рөлі» дөңгелек үстелінде.

Оның айтуынша, қоғаммен кері байланыс жасау үшін смартфондардың қызметі айтарлықтай қажет. Мемлекеттік қызмет туралы заңның 4-бабының 15-тармағында «Мемлекеттік қызмет қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру қағидаларына негізделеді» деп көрсетілген.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде әрекет ету өте маңызды», деді. Яғни, әкімдер халықтың сұранысына жедел ден қойып, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеудің маңыздылығын атап өткен еді. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерді пайдалануы – бүгінгі заманның сұранысына айналып отыр. Демек, мемлекеттік қызметшілерге өз қызметінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікті жеке мойнына ала отырып, смартфон пайдалану мүмкіндігін беруді цифрлық дәуірдің талабы деп ойлаймын», – деді Дархан Жазықбаев.

Хабар 24 телеарнасы