387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық бірнеше отбасы далада қалуы мүмкін

  • 93
  • UPD: 14:55, 29.08.2019

Ертіс өңірінің бір топ азаматы далада қалуы мүмкін.

Олар пәтерлерді заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан топтың арбауына түсіп, бөтеннің мүлкін сатып алған болып шықты. Қазіргі таңда атышулы қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ал азаматтардың баспананы сатып алу жөніндегі құжаттары заңсыз деп танылды. Алаяқтардың құрбаны болған тұрғындар бірінші инстанциядағы сотта жеңіліс тапты. Енді бұл пәтерлер заң бойынша мемлекеттің иелігіне өтуі мүмкін.

31 жастағы Яна Фоминских алаяқтардың құрбаны болды. Павлодардың ортасында орналасқан пәтерді 4 млн теңгеге сатып алған. Азаматша енді үйінен айырылуы мүмкін.

Яна Фоминских, зардап шегуші:

– Өкінішім қара қазандай. Бұл пәтердің иесі 12 жыл бұрын қайтыс болды. Бірақ мұрагері жоқ азамат ретінде ешбір мемлекеттік мекемеде тіркелмеген. Заң жүзінде осында мүлік мемлекетке өтеді. Бірақ қаржы бөлімі бұл туралы білмеген. Енді құқықтарының бұзылғанын сотта дәлелдеп жатыр. Бұл әділетсіздік.

Александр Сидоров та дәл осындай жағдайға тап болды. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, баспана иесі атанды. Сатып алу барысында құжаттар тәртіпке сай болғандықтан, ешқандай күдік тумапты. Оның да қуанышы көпке созылмады. Бір жыл бұрын мүлікті алаяқтардан сатып алғаны белгілі болды.

Александр Сидоров, қала тұрғыны:

– Тапқан-таянғанымды пәтер алуға жұмсадым. Жас отбасымыз, бес жасар балам бар. Енді үй-күйсіз қалуымыз мүмкін. Алаяқтар үшін неге біз зардап шегуіміз керек? Қомақты қаржы төлеп, сатып алдық қой. Енді не істерімізді бәлмейміз.

Александр Сидоров пәтерді дәл осы азаматшадан сатып алған. Ольга Гусева алаяқтарға көмектессе де, жазадан құтылды. Себебі өкінетінін жеткізген. Айта кетейік, бірінші инстанциядағы сот шешіміне сәйкес пәтерлер жергілікті биліктің коммуналдық меншігіне өтеді. Сондықтан азаматтар сот шешімін апелляцияға барді. Осы жолы шешім өзгеріссіз қалды.

Заир Айтпаев, заңгер:

– Сот жергілікті әкімдікке қатысты жеке ұйғарым шығарды. Яғни қаржы бөлімнің өкілдері иесіз қалған пәтерлерді түгендеуде жауапсыздық танытты. Салдарынан баспаналар осылай сатылып, азаматтар зардап шекті. Менің ойымша, бұл тұрғыда мемлекеттік органдарды да жауапқа тарту керек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Павлодар қаласында пәтерлерді заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық іс осымен 11 жыл бойы тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктілердің қатарындағы сегіз азаматтың бостандығына шектеу қойылды. Жалпы бұл қылмыстық іс 34 эпизод бойынша 62 томнан құралған.

Бір қызығы, Павлодар қалалық қаржы бөлімі иесіз пәтерлер туралы полиция қызметкерлерінен білген. Яғни жылдар бойы бос тұрған үйлерді түгендемеген. Қазір де иесіз қалған 15 пәтер бойынша ақпарат бар. Олардың тоғызын алаяқтар рәсімдеп, сатып жіберген. Нәтижесінде 100 млн теңге тапқан.

Нариман Бағдатов, Павлодар қалалық қаржы бөлімінің заңгері:

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес пәтерлер коммуналдық меншікке өтеді. Кейін тұрғын үй комиссиясының шешімімен тұрғын үй кезегінде тұрғандарға үлестіріледі. Пәтерлер иесіз деп танылады.

Зардап шеккендердің ендігі мақсаты – құқықтарына сәйкес Жоғарғы сотқа шағымдану. Сонымен қатар орталық органдарға ұжымдық үндеу жарияламақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы