386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дүние жүзінде ядролық медицина бағыты қарқынды дамитын болады

  • 130
  • UPD: 10:37, 29.08.2019

Адамзат осы салаға инвестиция салуға дайын.

Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Жоғары энергия физикасы және үдеткіш техника бойынша» халықаралық жазғы мектеп кезінде польшалық профессор Ян Кулка мәлімдеді. Ғалымның пікірінше, инвестицияның көптеп тартылуына адамдардың ұзақ өмір сүруге және онкологиялық ауруларды жеңуге деген құлшынысы түрткі болып отыр.

Алматыда ядролық физика саласының беделді өкілдері бас қосты. CERN-Ядролық зерттеу бойынша Еуропалық орталық, АҚШ, Жапония, және Германиялық профессорлар ТДМ-ның жас ғалымдарына дәріс оқыды. Білікті ғалымдардың айтуынша, ядролық технологиялар тек бейбіт мақсатта қолданылуы тиіс. Әсіресе, медицинада пайдасы көп.

Ян Кулка, Краков ғылым және технологиялар университетінің профессоры /Польша/

– Қазіргі уақытта ядролық медицинаға қажетті радиоизотоптардың екі категориясы бар. Бірі диагностикаға арналған. Екіншісі емдеуде қолданылады. Яғни изотоп сәулелендіру үшін адамның денесіне орналастырылады. Ал оны алу үшін қуаты аз реакторлардың болуы маңызды. Адамзат бұл салаға инвестиция салуға дайын.

Қазақстан әзірге медицинада және өнеркәсіп саласында қолданатын радиоизотоптардың 20 шақты түрін шығарады. Ал CERN-Ядролық зерттеу бойынша Еуропалық орталық мұндай радиоизотоптардың 2 мыңнан астам түрін жасайды. Сондықтан ел үкіметі бұл орталықпен әріптестікті нығайтпақ.

Кристоф Шафер, CERN халықаралық қатынастар бөлімінің аға кеңесшісі /Швейцария/

– CERN-ге қарасты Үлкен адронды Коллайдерде 4 үлкен сынақ жүріп жатыр. Соның біреуіне қазақстандық ғалымдарды шақырамыз. Әрине, мұндай құрылғыларға инфрақұрылым, үдеткіштер керек. Яғни CERN инженерлерге де мұқтаж.

Қазір CERN-де жұмыс істейтін қазақтар санаулы ғана. Соның бірі – Досбол Байғарашев.

Былтыр Қазақстан CERN-мен маман дайындау жөнінде келісімді бекіткен. Жауапты органдар осы келісімнің Жол картасын дайындап, қыркүйекте Сенатта бекітілуін күтіп отыр. Құжат бекітілсе 100-ден астам қазақстандық жас ғалым CERN-де ядролық технологияларды үйренетін болады.

Насрулла Бөртебаев, ядролық физика институтының зертхана меңгерушісі, профессор:

– Біздің жас балаларымыз CERN-нің ұсынысы бойынша Еуропалық университеттерге түседі. Ғылыми жұмыстарын CERN-де жасайтын болады.

Ұлттық экономика мен медицина үшін маңызды жазғы мектеп 31 тамызға дейін жалғасады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы