387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттік 8 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж

  • 149
  • UPD: 14:26, 29.08.2019
Шымкенттік 8 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж

Шымкентте жастар саны 267 мыңнан асып жығылады. Ол – қала халқының 26,7 проценті.

Қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма мәліметінше, шаһардағы 8 мыңнан астам студентке жатақхана қажет. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті биыл студенттерді орналастырудың  жаңа бағытын жасаған. Жоғары оқу орнына түскен студент құжат тапсырарда өзінің әлеуметтік мәртебесін қоса көрсетеді. Осы арқылы арнайы комиссия бірінші кезекте жартылай және тұл жетім, мүмкіндігі шектеулі, тұрмыс жағдайы төмен немесе көп балалы отбасыдан шыққан шәкірттерге басымдық береді. Айта кетейік, биыл қалада мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 4 жатақхана салынып жатыр. Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 500 орындық студенттер үйінің құрылысын қолға алды. Бұл ғимарат инвесторлар есебінен тұрғызылмақ. Жастарға арналған нысан тек жатақханамен ғана шектелмейді. Университет басшылығы мұны кампус ретінде де қарастырып отыр.

Сәлима Дайырбекова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті:

– 97 балмен грантқа М.Әуезов атындағы университетке оқуға түстім. Көп балалы отбасыдан шыққанмын. Жеңілдіктер қарастырылды. Студенттер үйіне орналастым.

Сәкен мәжімбеков, М. Әуезов атындағы ОҚМУ тәрбие ісі және жастар саясаты департаментінің директоры:

– Біздің университетімізге 5100-дей студент күндізге бөлімге оқуға түсті. Ал жатақханаларымыздың мүмкіндігі – 2027 орын. Сондықтан бірінші санатқа жататын студенттерді жатқызу басты кезекте тұр. Студенттерге электронды қызмет көрсету орталығы ашылған. Cол жерде электронды тіркеу арқылы ол өзінің әлеуметтік жағдайын да қоса көрсетеді. Деканаттарға тізімдер барып, солардың барлығын дұрыс бөлінуін қазіргі таңда комиссия қадағалап, тексеріп орналастырып жатқан жайымыз бар.

Хабар 24 телеарнасы