389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде 50 жылдан астам қызмет еткен ірі жол өткелі қайта салынып жатыр

  • 153
  • UPD: 23:14, 29.08.2019

Ақтөбеде 50 жылдан астам қызмет еткен ірі жол өткелі бұзылып, қайта салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөз жоқ, қаладағы көлік қозғалысы үшін бұл нысанның маңызы зор. Бірақ ұзақ әрі шулы жұмыс құрылысқа жақын орналасқан үйлердің тұрғындарын әбден мазалаған көрінеді. Жұрттың алды жауапты мекемелерге шағымдана бастаған.

Үй қабырғаларына сызат түсуін Гүлжан Құрмантаева жақын маңда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарынан көреді. Себебі, осында тұрғалы он жыл ішінде мұндай ақау болмағанын айтады. Ал, соңғы күндері жардағы жарықшалар көбейе түскен. «Мұндай қарқынмен баспананың басты тіректері де зақымдануы мүмкін», - дейді ол.

Гүлжан Құрмантаева, қала тұрғыны:

- Бір ай бұрын менің жолдасым Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына барып, арыз жазған. Жауап келген жоқ. Ешкім ештеңе айтқан жоқ, қандай жұмыстар жүретінін. Енді қазір біз ұрыс-керіс шығарып жатқанда, «шыдай тұрыңыз, шыдай тұрыңыз» дейді.

Бұл жағдай құрылыс алаңына жақын орналасқан бірнеше үй тұрғындарының ортақ мәселесіне айналған. «Үздіксіз жүргізілген жұмыстан әбден шаршадық» - дейді олар. Айтуларынша, күндіз көк шаң болса, түнде техникалардың арылдаған дауысынан ұйықтау мүмкін емес.

Василий Дудин, қала тұрғыны:

Біз көпірдің салынуына қарсы емеспіз. Алайда, бізден маза кетті. Тарсылдаған кезде жер дірілдейді. Үй ішіндегі ыдыс-аяқтар сылдырлап, бір сілкініс болып жатқандай күй кешеміз. Бөлмелеріміз түсқағазбен қапталған. Алайда, ар жағында жарықшалардың пайда болғанына күмәніміз жоқ.

Ал, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1965 жылы теміржол үстінен салынған өткелді бұзып, қайта тұрғызу ісі былтыр басталған болатын. Бұған көпірдің негізгі тіректері жарылып, әлсіреуі себеп болған. Кейін енін кеңейтіп, көлік өткізу мүмкіндігін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Өйткені өткел қаланың екі шағын ауданын қосып тұр. «Сондықтан да жақын маңдағы үйлерге қолайсыздық туатыны рас. Ондағы тұрғындардың шағымы ескерусіз қалмайды», - дейді жауапты мекеме өкілдері.

Навои Әмірбеков, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

Бұл жағдайды жіті қарау керек. Үйдегі сызаттардың пайда болу себебі әзірге нақты белгісіз. Дәлелдеу қажет. Бұл ретте арнайы мамандар жұмыс істейтін болады. Олардың шығарған қортындысынан кейін ғана неден болғанын айтуға болады.

Құрылыс алаңында 20-ға жуық арнайы техника мен 40-тан астам адам жұмыс істеп жатыр. Жоба құны 2 млрд 600 млн теңгеден асады. Негізінен сапалы материалдар қолданылуда.

Шатбек Байсынов, жоба жетекшісі:

- Жоба дайындалу барысында экспертизаға тапсырылып, мемлекеттік сараптамадан өтіп шығады. Соның ішінде бәрі ескеріледі. Бұрын екі жолақ болатын болса, қазір төрт жолақ болайын деп жатыр. Қыркүйектің 15-іне жолды ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Асфальттық жабындысының бәрі жабылып, құрылыстың бірінші жартысы аяқталады

Бүгінде ескі жол өткелі бұзылып жатыр. Ал, жанынан тұрғызылған жаңасы бірер аптада пайдалануға беріледі.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

Көпірдің құрылысы келер жылдың соңында толық аяқталмақ. Сол кезде төрт жолақ арқылы тәулігіне 27 мыңға дейін көлік өтетін болады. Ал, бұған дейін екі есе кем болатын.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы