389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде тұрғын үй құрылысы қарқын алды

  • 212
  • UPD: 23:20, 29.08.2019

Биыл шаһарда 67 көп пәтерлі үй салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе қала шетіндегі Қарағайлы ықшам ауданы күн санап кеңеюде. Конституция күніне орай ондағы жаңа үйлердің бірінен облыс әкімі Даниал Ахметов емдеу саласында еңбек етіп жүрген 15 азаматқа пәтер кілтін табыстады. Кейін қаладағы депутаттармен және қоғам белсенділерімен жүздесіп, Семейдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін талқылады.

Білім, құрылыс денсаулық сақтау  саласы назарға алынған жиында Семейдің  әлеуметтік эконмикалық даму көрсеткішінің өсіп келе жатқандығы айтылды. Бұл қала бюджетіне құйылған салық мөлшерінен байқалады. Биылғы жылы ол 62 миллиард теңгеден асыпты. Алайда осы межені ары қарай арттыру үшін қыруар жұмыс қажет. Жиыннан соң облыс әкімі Қарағайлы ықшам ауданындағы тұрғын үй құрылысымен танысып, медицина мамандарына пәтер кілтін табыстады. Баспаналы болғандардың басым көбі жас дәрігерлер.

Айбол Маралбаев, қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Үкіметтің бағдарламасы бойынша біз пәтер кілтін алып жатырмыз, өте ризамыз, 10 жыл болды университетті бітіріп, қызмет атқарғалы. 3 балам бар, біздің жанұяға өте үлкен қуаныш деп айтамын.

Денсаулық сақтау саласына серпін беретін шаралар бұнымен бітпейді. Семейдегі емдеу мекемелері озық медициналық технологиялармен жабдықталған. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы JCI cтандартты сертфикатын иеленіп, әлемдегі ең үздік ауруханалар қатарына енді. Онда тіпті бір адамға бірнеше операция жасалатын гибридті операция залы да бар.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Барлық дәрігерлерді үйрету керек, ендігі жылы бірде-бір дәрігер 3 ай емес, 6 ай, 1 жылға барлығын жіберу керек. Содан 3 жылдан кейін бірде-бір аурухана бізге тең болмайды.

Шаһардың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы да жаңарып келеді. Қоғамдық көліктер электронды билет жүйесіне көшуге әзірленуде. Семейдің сәні мен сәулетін ашатын әдемі орындар да көбеймек. Қазір 5600 орындық «Абай Арена» мәдени-спорттық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар жуық арада ерекше су бұрқақ да іске қосылмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы