386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екібастұзда 36 көп балалы отбасы баспаналы болды

  • 150
  • UPD: 16:00, 30.08.2019
Екібастұзда 36 көп балалы отбасы баспаналы болды

Ата заң күні Екібастұз қаласында 36 көп балалы отбасы қоныс тойын атап өтті.

Баспаналы болған жанұялардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша бір және екі бөлмелі пәтерлердің кілттері табысталды. Жалдамалы үйдің бір айлық бағасы 8 мың теңге көлемінде. Бес жылдан соң оларға пәтерлерін жекешелендіріп алуға болады. Жергілікті билік қоныс аударған азаматтардың балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыруға көмек көрсетпек. Ал ата-аналары жұмыспен қамтылады. Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін бағдарлама шеңберінде 205 отбасы өндірістік өлкеге көшіп келген. Жыл соңына дейін тағы 100 жанұя баспаналы болмақ.

Асхат Оралов, облыс әкімінің орынбасары:

– Бұл дегеніміз 1200-ге жуық адам, 400-ге жуық жұмыс істей алатын адамдардың саны және 800-ден астам 18-ге толмаған балалар. Бұл өте қуантатын жайт өзіміз үшін, Павлодар облысы үшін және Екібастұз қаласы әкімдігі тарапынан барша 100% балаларды мектеп пен балабақшамен қамтимыз деп уәде бердік.

Айгерім Нұғманова, бағдарлама қатысушы:

– Пәтерлі болғанымызға қуаныштымыз. Төрт баламен баспана жалдау қиынға соғады. Жаңа үйіміз көңілімізден шықты. Іші кең, қажеттілердің барлығы бар. Қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтамыз.

Хабар 24 телеарнасы