389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ата заң – жасампаздық пен бірліктің кепілі

  • 128
  • UPD: 17:45, 30.08.2019

«Ата заң – азат елдің ар-намысы». Түркістан облысы Сарыағаш ауданында еліміздің Конституция күніне арналған шара осылай аталды.

Жиынға аудандағы зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Ата заңды ардақтаған бұл күні ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтар марапаттан тыс қалмады. Сондай-ақ Шағалалы Шардара ауданының халқы да Ата заңымыздың 24 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті.

Мерекелік шарада сөз алған Сарығаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Конституция мемлекет пен  жалпы қоғамның дамуына зор ықпал жасайтындығын айтты. Еліміздегі маңызды саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар берік конституциялық негізде қабылданады және өмірде жүзеге асырылады. Мәселен, жеке тұлғаны ойдағыдай дамыту біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты мен ырыс-берекесі Конституцияның негізін қалайтын қағидаты, оның мызғымас басым бағыты болып табылады.

Бексұлтан Төлтаев, Сарыағаш аудандық әділет басқармасының бас маманы:

– Халқымыз Конституцияға бағынуы керек. Оның ішінде заңдарға. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін заңды құрметтеуіміз керек. Біздің Конституциямыз қазіргі заман талабына сай бекітілген. Барлық тармақтары жан-жақты зерделеніп, жақсы қамтылған.

Мемлекетіміз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналды. Ортақ шаңырағымыздың шекарасы шегеленіп, іргесі мызғымастай бекіді. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері де Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Осынау мерекеде Ата заңға қалтықсыз қызмет еткен азаматтар марапатқа ие болды.

Батыр Ералиев, Сарыағаш аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы:

– Ата заңымыздың күнінде марапат алып отырмыз. Өте қуаныштымын. Қазақстанның барлық азаматтары осыны қадірлеп, қастерлеп заңымызға бағынуы керек. Сонда ғана біз алға қарай өркендейміз. Өсеміз, көбейеміз. Қазақстан тұрғындарының барлығын Ата заң күнімен құттықтаймын!

Бұл күні Шардара ауданының халқы да Ата заңымыздың 24 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті, «Абай» атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен құзырлы орган басшылары, мұғалімдер мен аудан тұрғындары қатысты. Бірқатар азамат мерекелік төсбелгі тақса, алғыс арқалағандар да аз болмады. Ал өнер майталмандары патриоттық әндер шырқап, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы