389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы апат: Бейбіт күннің батырлары

  • 648
  • UPD: 20:40, 30.08.2019

Арыстағы апат кезінде ерлікке пара-пар іс тындырған азаматтар бар.

Жарылыс кезінде 113 бүлдіршінді аман-есен алып шығып, ата-анасына табыстаған Гаухар Әлиханованың еңбегін бөле-жарып атауға болады. Апат аймағында өрт сөндіру көліктерін үздіксіз жанармаймен қамтамасыз еткен Қазыбек пен Ғанидың ісін де елемей өту мүмкін емес.

Арыс қаласындағы «Алтын тұмар» балабақшасы жарылыс болған әскери қойманың дәл жанында орналасқан. Апат болған күні мұнда 113 бала таңғы асын ішіп жатыпты. «Кенет «гүрс» еткен дауыс шықты. Есік-терезенің бәрі қирап қалды. Іле-шала әскери қойма жақтан қара түтін шығып, көкке көтерілді», - дейді сол күнді еске алған балабақша меңгерушісі Гаухар Уәлиханова. Әр үйдің мәпелеп отырған баласының амандығын мойнына алған балабақша меңгерушісі бірден шұғыл шешім қабылдап, қызметкерлеріне бүлдіршіндерді сыртқа шығаруды тапсырған. Соңында өзі ішке қайта кіріп, ғимаратта ешкімнің қалмағанына көзі жеткеннен кейін ғана сыртқа шыққан.

Гаухар Уәлиханова, балабақша меңгерушісі:

– 17 баланы балабақша есепшісінің жеке көлігіне салып, Шымкентке шұғыл түрде жібердік. 12 баланы күзетшіміздің көлігіне салып, жөнелттік. Ал қалған балаларды осы жердегі қызметкерлермен бірлесе отырып, алып шығу біздің басты міндетіміз еді. Балаларды аман-есен алып шыққан өзімнің ұжым қызметкерлеріме алғысым шексіз. Бірақ мен өз қызметкерлеріме қандай жағдай болмасын балаларды тастамауын тапсырдым.

Гаухар Уәлиханованың дереу шешім қабылдауының арқасында барлық бала дін-аман, сол күні кешкісін ата-анасына тапсырылды. Қуанарлығы, балалардың барлығы балабақшадан шығарылғаннан кейін ғана ғимаратқа снаряд түскен. Нысанның бір қабырғасы қираған. Қазір балабақша толықтай қалпына келтірілді. Күрделі жөндеуден өтіп, әрлеу жұмыстары жалғасуда. Балабақша ұжымы жаңа оқу жылына толық дайынбыз, дейді.

Арыстағы жарылыс кезінде көппен бірге бас сауғаламай, ерлікке пара-пар іс атқарған азаматтың бірі – Қазыбек Ақылбай. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде бас маман болып қызмет істейтін ол сол күні аяғы ауыр келіншегі мен қызын көршісінің үйіне отырғызып кетеді. Өзі тұрғындарды көшірумен айналысады. Арыс халықтан босаған сәтте қалаға әскери ауыр техникалар мен өрт сөндіру көліктері кіреді. Бірақ ол кезде қаладағы барлық жанармай бекеті жұмысын тоқтатқан болатын. Басшылық Қазыбек пен Ғани есімді жігітке ауыр техникаларды жанармаймен қамтуды тапсырады. Снарядтардың жарылып жатқанына қарамастан, олар түннің бір уағына дейін апат аймағына жақын орналасқан май құю бекетінде жұмыс істейді. 

Қазыбек Ақылбай, Арыс қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Осы жанар-жағармай бекетін ашуға келе жатқан кезде Ғани деген құрылыс бөлімінің маманының үйі өртеніп жатыр екен. «Ғаниға үйің өртеніп жатыр, тоқтап, барып көрейік» десем, «кейінірек көреміз енді, анда халық күтіп отыр» деп тоқтамай өтіп кетті. Жанармай бекетін аштық, түнгі 12-1-ге дейін қызметтік әскери көліктерге және Арыс қаласының көліктеріне жанармай тарқатып, қызмет көрсеттік.  

Бұл азаматтардың барлығы өздерін «ерлік жасадық» деп есептемейді, «тек міндетімізді орындадық, аманатқа адалдық – борышымыз» деп түсінеді. Ел басына күн туған қиын сәтте суырылып алға шығып, антына адалдық танытқан бұл азаматтар қандай марапатқа болса да лайық.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы