387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық шопандар қой жүнін неге сата алмай отыр

  • 210
  • UPD: 20:41, 30.08.2019

Қазақстандық шопандар дабыл қақты.

Олар биыл қой жүнін сата алмай қиналып отырған көрінеді. Онысын Алматы облысында өткен Қой шаруашылығы мамандарының екінші съезінде айтты. Жалпы қазір елімізде қанша қой бар және ұсақ малдың жүніне неге сұраныс болмай тұр?

Құрылтай бір кездері қой өсіруден алда болған Мыңбаев ауылында өтті. Бүгінде елімізде Шопан ата төлінің 22 тұқымы өсіріледі екен. Шаруалар көрсін, білсін деген мақсатпен арнайы көрме ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, қазіргі мал саны ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ экспорттың үлесі әлі аздау.

Тынышбай Досымбеков, ҚР қой шаруашылығы палаталар кеңесінің төрағасы:

– Қазіргі кездегі қой 16 миллион болатын болса, соның 9 миллионы елдің қорасында тұр. Одан экспортқа не аласыз? Ал енді оның сыртында ірі шаруашылықтар экспортқа шығарып жатқан былтыр 3100 тонна ет экспортқа шықты. Оны 24 кг бөлетін болсақ, 136 мың бас. Ал егер 20 кг бөлетін болсақ, 150-ақ мың бас экспортқа шығып тұр. Ал біздің бағдарламада 25 мың тоннаға жеткізуіміз керек. Оған жеткізу үшін 1 миллион қой сату керек.

Мына шаруашылық франциялық қошқарлардың әрқайсысысын мың евродан алыпты. Осылайша мал басын асылдандырмақ. «Қазақстанда қой саны 37 миллион басқа дейін жеткен уақыт болды, дейді ғалымдар. Енді сол межені қайта бағындырмасақ та, сапаны жақсарту керек. «Қолында 5 миллионнан астам қойы бар орта шаруашылықтар осыған мән берсе», - дейді мамандар.

Әбу Естаев, шаруа қожалығының бас зоотехнигі:

– Сойғанда таза ет 65 процентке дейін береді. Негізі майы болар-болмас. Сол үшін әкелгенбіз. Бір жағынан жүн жақсы береді.

Еліміздегі қойлардың тек 18 пайызы ғана биязы жүнді екен. Осы жылы содан қырыққан жүннің өзін сату қиын болып тұр. Былтыр келісі 1500 теңге болса, биыл 600 теңгенің төңірегінде. Министрлік өкілі оның себебін былай түсіндірді. 

Еркебұлан Ахметов, АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

– Қазіргі уақытта Қытай нарығына уақытша шектеу болып тұр. Соған байланысты биылғы жылдың 8 айында жалпы жүнді тапсыру көлемі азайды. Қыркүйек айында арнайы делегация барады, сол жерде біз тиісті келісімді жасаймыз. Соның аясында нарық қайтадан ашылады.

Білсеңіздер, киіз жанбайды әрі экологиялық жағынан таза. Осы қасиеттерін байқаған германиялық кәсіпкерлер енді оны өндіріске енгізуді жоспарлап отырған көрінеді. Демек бұған дейін сұраныс болмаған құйрықты қойдың қылшық жүні кәдеге жарауы мүмкін.

Жалпы қой шаруашылығына қолдау артып келеді. Жеңілдетілген несие мен көптеген субсидиялар бар. Былтырдың өзінде несиеге 300 мың бас саулық берілсе, биыл 600 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. «Тек бағлан етін шетелге шығарғысы келетін шаруалар әлемдік нарықтың талаптарын игеру керек», - дейді ғалымдар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы