387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы «Достық» үйінде ағарту орталығы ашылды

  • 183
  • UPD: 21:50, 30.08.2019

Конституция күніне орай Ақтаудағы «Достық» үйінде ағарту орталығы ашылды.

Мемлекеттік рәміздердің мазмұны мен маңызын кеңінен дәріптейтін орталыққа кіру тегін. Кез келген азамат мұндағы танымдық сабаққа қатысып, өзін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады. Дәріс сенбі және жексенбі күндері қазақ тілінде өтеді.

Тілі басқа болса да, Отаны бір өзге ұлт өкілдері ағарту орталығында өткен алғашқы сабаққа ұлттық киімдерін киіп келді. Тарих пәні мұғалімінің әр сөзін мұқият тыңдап, толғандырған сауалын қойды. Ұстаздың әсерлі әңгімесін ұйып тыңдаған көпшілік мемлекеттік рәміздер туралы білу, оны қастерлеу парыз деп санайды. 

Зульфия Бернеева, облыстық ҚХА аналар кеңесінің төрайымы:

– Ата Заңымызды ең басты мемлекеттік рәміз деп білемін. Өйткені Конституция қазақ елінің егемендігін айғақтайды. Аса маңызды құжаттың, өзге де рәміздердің тарихын азат мемлекеттің әрбір азаматы білуі тиіс. Ағарту орталығындағы бірінші сабақ өте қызықты өтті. Ендігі дәріске жанұямызбен бірге келеміз.

Әлібек Тағаберді, тарих пәнінің мұғалімі:

– Өзге ұлт өкілдері рәміздерімізді насихаттау, кеңінен таныту, яғни ұрпақтар сабақтастығы бір жағынан патриоттыққа тәрбиелеу мақсатындағы осындай орталықтың ашылғанына қуануда. Яғни бұл қаламыз үшін де, еліміз үшін де маңызды орталық боларына сенемін.

Маңғыстау облысын мекен еткен өзге ұлт өкілдері әр салада қажырлы еңбек етіп, аймақ әлеуетінің артуына үлес қосып келеді. Бірқатар азамат тәуелсіздіктің тірегіне айналған Конституция күні қарсаңында аймақ әкімдігі атынан алғыс хатқа ие болды.

Фандаль Сахибгареев, Татар ұлттық мәдени орталығының төрағасы:

– Біз, Қазақстан халқы өзіміздің рәміздерімізді, туымызды, әнұранымызды білуіміз керек. Бұл міндетіміз біздің. Өйткені біз - қазақстандықтармыз.

Жүзге жуық адам қатысқан мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ассамблея өкілдері дәстүрінен жаңылмай ұлттық киімдер мен тағамдар көрмесін де өткізді. Қатысушыларға мемлекеттік рәміздер туралы ақпарат жазылған кітапшалар мен күнтізбелер таратылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы