389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында үш ауысымды мектептер саны артуы мүмкін

  • 187
  • UPD: 09:23, 31.08.2019

Өткен оқу жылында өңірдегі 34 білім ордасы қосымша жүктемемен жұмыс істесе, биыл олардың қатарына тағы жиырма шақтысы қосылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, пайдалануға берілетін 8 мектеп өзекті мәселені толықтай шешпейді. Салаға қатысты проблема бұл ғана емес. Білім мекемелеріне мұғалім жетіспейді.

Қаскелеңдегі Керімбеков атындағы орта мектепте оқушы саны рұқсат етілгеннен екі есеге көп. Сондықтан үш ауысымды оқу жүйесі енгізілген. Балалардың бағына орай биыл жапсаржай салынып, пайдалануға беріледі. Сол кезде білім ордасы бұрынғыдай тарлық етпейтін болады.

Оралхан Бекаева, С.Керімбеков атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

- 190 жылы 640 балаға арнап ашылған мектеп болатын. Қазіргі күнде 1200-ге жуық бала оқиды. Балалар тығыз орналасып, балалар көп болғаны білім сапасына ықпал етеді. Мына жапсаржайдың салынуы оқу сапасын арттыруға көп ықпал етеді деп ойлаймын.

Қарасай ауданында 11 мектеп осындай үш ауысымды жүйемен жұмыс істейді. Мамандар жаңа оқу жылында олардың саны артуы мүмкін деп отыр. Өйткені аймақтағы оқушы саны жылына 5 мың баламен толығып отырады екен.

Жарқын Нұрғалымов, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Алматы қаласының іргесінде болғандықтан бұл бір күнде, бір жылда шешілетін мәселе емес. Ол кезең сайын өсуіне қарай болып тұратын құбылыс. Әрине, халық саны, бала саны артқанына қуанамыз, үш ауысымды орын мәселесі басты проблема болып отыр. Осы проблема кезең-кезеңмен шешіліп жатыр.

Өңірдегі өзекті мәселені оңтайлы шешу үшін осы күзде 8 мектеп ашылады. Сонымен қатар Үкіметке 31 білім ордасын салу жөнінде ұсыныс жасалған. Республикалық бюджет есебінен тұрғызылатын ғимараттарды 2021 жылға дейін ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Облыста мекемеге деген қажеттілікпен бірге білікті мамандарға да сұраныс жоғары. Қазіргі таңда бастауыш сыныптың және физика, химия, математика пәнінен сабақ беретін 111 мұғалім керек.

Майгүл Омарова, облыстық білім басқармасының орынбасары:

- 14 мыңнан аса жас маман өтініштерін білдіріп, қамтамассыз етілуде. Бұл 5 қыркүйекке дейін жалғасады. Негізінен облыста қажеттілік туралы тиісті ұлттық университеттермен келісімшартқа отырғанбыз. Қазір барлық білім беру ұйымдары жәрмеңкеге қатысып, тиісті мамандарды тартуда.

Кадр тапшылығын жоюда мамандар педагог статусы туралы заңнан да зор үміт күтеді. Еңбекақылары көбейіп, мәртебесі айқындалса, бұл салаға жастардың да көптеп бет бұратыны белгілі. Сөйтіп, ұстаздық атты ұлы мамандықтың қадірі артатынына сенеді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әділхан Сахари, Гүлжан Айнабекова, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы