389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда Түркістан өңірі шаруаларының жәрмеңкесі өтіп жатыр

  • 226
  • UPD: 11:57, 31.08.2019
Нұр-Сұлтанда Түркістан өңірі шаруаларының жәрмеңкесі өтіп жатыр seykhuninfo.kz

16 тонна ет, 23 тонна сүт пен 5 тонна балық өнімдері, 50 тонна көкөніс пен 25 тонна жеміс-жидек...

Түркістандық шаруалар бұл жолғы жәрмеңкеде 123 млн теңгенің өнімін елордалықтарға ешбір алыпсатарсыз тиімді бағамен ұсынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада жаздың соңғы күні жел көтеріліп, күн суытса да, жәрмеңкеге ағылған халықтың қарасы мол. Ерте келіп, ет пен сүттің, қауын-қарбыз бен жүзімнің ең тәттісін алып қалуға асыққан жұрт қап-қап азық-түлікті көлігіне тиеп алып жатыр. Жәрмеңкеге әнші Заттыбек Көпбосынұлының келіп, ән салуының өзі де жұртшылықтың көңіл-күйін көтеріп тастады.

Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, түркістандық шаруалар биыл жәрмеңкені осымен үшінші рет өткізуде.

«Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі биыл елордада үшінші рет ауылшаруашылық жәрмеңкесін ұйымдастырып отыр. Оған жалпы 40-қа жуық агроқұрылымдар 123 млн теңгенің 275 тонна өнімін әкелді. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда 10-15 пайызға арзан. Шаруалар Түркістан облысының барлық аудандарынан келді», - дейді ол.

Басқарма басшысының сөзіне құлақ ассақ, өңір жәрмеңкесі Конституция мен білім күні мерелелерімен тұспа-тұс келгендіктен, қалалықтарға арнайы концерттік бағдарлама ұсынылған. Жалпы, бүгінгі іс-шараға 16 тонна ет, 23 тонна сүт және 5 тонна балық өнімдері, 50 тонна көкөніс, 48 тонна бақша өнімдері, сондай-ақ 25 тонна жеміс-жидек әкелінген.

Нұрбек Бадырақовтың айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін түркістандықтар 1 маусымда және 22-23 маусымда екі мәрте ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізіп кеткен.

«Бұл жерде шаруа тікелей сатып алушымен жұмыс жүргізеді. Яғни, ортада ешқандай алыпсатар жоқ. Ортада алыпсатарлар болмағандықтан, баға арзан әрі біздің шаруалар да қайда өткіземін деп басын қатырмайды. Тікелей жәрмеңкеге келіп, өнімін сата алады. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарының түркістандық өнімдерге сұранысы жоғары. Жәрмеңкенің өтетіні жайлы алдын ала елордалықтарға хабарлаймыз. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде өнімдеріміз 90-95%-тік деңгейде өтіп кетіп жатыр», - деп түйді Нұрбек Бадырақов.

Жәрмеңкеде азық-түлікпен бірге мектеп формалары, кеңсе тауарлары, отандық аяқ киімдер, ерлердің костюмдері мен жұмыс киімдері ұсынылған. Қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін Ордабасаы, Жетісай аудандарының өнерпаздары арнайы құрылған сахнада концерт өткізуде.

Хабар 24 телеарнасы