389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы мектептер жаңа оқу жылына дайын

  • 325
  • UPD: 18:50, 31.08.2019

Арыстағы жарылыстан бүлінген 54 білім беру мекемесінің барлығы да жаңа оқу жылына дайын. 16 мектеп пен 37 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазір «1 қыркүйекке дейін мектептің құрылысы бітпей қала ма» деп алаңдаған ата-аналардың да күпті көңілі орнына түскендей. 

Бұл Кеңес одағының батыры Иван Журба атындағы жалпы білім беретін орта мектеп. Жарылыс болған әскери бөлімнің дәл іргесінде орналасқан. Апаттан кейін ғимараттың төрт қабырғасы ғана сақталған. Есік, терезе, шатырынан сау тамтығы қалмапты. Төбесіне снаряд түсіп, спорт залы өртеніп кеткен. «Абырой болғанда жарылыс балалар жазғы демалысқа шыққаннан кейін болды. Әйтпесе елестетудің өзі қорқынышты» дейді осы маңда тұратын Үрзада Жақыпова. Биыл тұңғышы 3 сыныпқа баратын келіншек мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай қала ма деп, алаңдағанын жасырмайды. 

Үрзада Жақыпова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Қорықтық, мектеп дайын бола ма, болмай қала ма деп. Бірақ қазір мектеп дайын, бұрынғыдан  да күшті болған. Таза. Енді баламыз үшін қорықпай, осы мектепке әкелеміз.

Лаура Байтасова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Мектебіміз жаңарып, осы жерде екі қызым оқиды. Парталары да, есік-терезелері бәрі жаңарып жатыр. Басшыларға, барлығына көп рахмет, осындай көмек көрсетіп жатқанына.

Білім мекемесі қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріліп, материалдық-техникалық базасы толыға түсіпті. Мектеп басшылығының айтуынша, интерактивті тақта, физика, химия және мультимедиалық кабинеттер толық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қазір барлық жұмыстар аяқталып, тек сыртқы аулалар абаттандырылып жатыр.

Әбсаттар Жүнісов, мектеп директоры:

- Спорт залдарымыз бұрын мұндай емес еді, жантақ басып жатқан жер. Өзіміз қолымыздан келгенше істеп жатқан  жер. Соны түгел спорт кешені етіп бізге жасап берді. Спорт алаңы бөлек, жеңіл атлетика бөлек, волейбол бөлек, баскетбол бөлек.

Жалпы Арыс қаласының аумағында 40 мектеп бар. Соның 13-і қалада болса, қалған 27-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Апаттан кейін қаладағы 13, ауылдық округтегі 3, барлығы 16 мектеп бүлінді. Мемлекеттік 10 балабақшаның 6-ы, жекеменшік 31 бөбекжайдың барлығы зақымданды. Жалпы алғанда білім саласына қарасты 54 нысан қирады. Өткен 2 айдың ішінде осы нысандардың барлығы күрделі жөндеуден өтті.

Əбдіхан Мұсаев, Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы:

- 450 млн теңге бөлініп, барлық мектептерге, жекеленген балабақшаларға зақымданған материалдық-техникалық базасына құрал-жабдықтар, заттар жаңадан ауыстырылып, жаңа құралдар әкелді. 16 мектепте де, барлық балабақшаларда да балаларды қабылдау, жаңа оқу жылын  жақсы көңіл күймен жаңа ғимараттар да қарсы алуға дайындалып отырмыз. 

Жаңа оқу жылына Арыстықтардың дайындығы ерекше. Ұстаздардың да көңіл күйі тамаша. Ал жаздай сауықтыру лагерінде тыныққан балалардың қуанышында шек жоқ. 1 қыркүйек күні қаладағы 80-нен аса білім және тәрбие ошағында алғашқы қоңырау соғылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы