389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңіріндегі Баянауыл ауданында мұғалім тапшы

  • 217
  • UPD: 09:27, 01.09.2019

Ертіс өңірінің мектептері жаңа оқу жылына соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Білім күні 14 мыңнан астам ұл-қыз алғаш рет партаға отырмақ. Негізгі дайындықтардан бөлек, саладағы кадр мәселесі де басты назарда. Биылғы жаңа оқу жылында педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері қатарынан 510 жас маман еңбек жолын бастамақ. Мәселен, Баянауыл ауданына 26 мұғалім келмек.

21 жастағы математик Айбол Төлегенов Жоғары оқу орнын тәмамдап, туған ауданына жол тартты. Жас маман алғашқы жұмыс күнін тағатсыздана күтіп жүр.

Айбол Төлегенов, жас маман:

– Қаладан оқу бітіріп келіп, осы мектепке жұмысқа орналасып жатырмын. Әрине, қазіргі мектепте жағдайлардың бәрі жасалған. Дәл осы мектепке, өз ауылыма келгеніме өте қатты қуаныштымын. Әрине, қобалжу бар. Қазір балаларым келеді, соларға сабақ беруім керек.

Айбол еңбек ететін мектепте 500-ден астам бала оқиды. Жас маманның келісімен математика пәні мұғалімінің тапшылығы шешілді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Баянауыл ауданында 23 мектеп бар. Білім беру ошақтарында орыс және ағылшын тілдері, математика пәндері мұғалімдерінің тапшылығы байқалады. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында биылғы жылы  26 маман келіп еңбек жолдарын бастамақ.

Асылхан Мүбәрак, Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– Соңғы төрт-бес жылда қажеттілікті туындатып отырған – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Оның басты себебі, қазіргі түлектер соңғы 10 жылда орыс тілі мамандығына оқуға түспейді. Сол себепті үлкен проблемаға айналып келе жатыр. Бірен-саран мектептерде орыс тілі пәндерінің мұғалімдерін біз зейнетке шыққан мұғалімдерді тартуға мәжбүрміз.

Баянауыл – облыста оқушылар саны бойынша көш бастап тұрған аудан. Жаңа оқу жылында бес мыңға жуық бала ұстаздарымен қауышпақ. Демографиялық жағдай жақсарған, келген мамандар тұрақтап қалады. Бұған «Дипломмен - ауылға», «Серпін» бағдарламалары сеп. Биыл оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың 100 баласы білім алмақ.

Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары:

– Олар үшін келісті тұрмыс кешуге барлық жағдай жасалған. Мәселен, әмбебап спорт алаңдары салынуда. Соңғы үш жылда 137 жас маман келіп, барлығы дерлік тұрақтады. Отбасын құрып, еңбек етуде. Тек алты азамат тұрғылықты жерін ауыстырды. Мамандар келсе, қолдауға әзірміз.

Ауданд  әзірге тағы жеті мұғалім жетіспейді. Десе де, педагогикалық кадр мәселесі шешілді деуге негіз бар. Себебі, мұғалімдер білімдерін жетілдіріп, жаңа пәндерді меңгеріп жатыр. Алдағы бірнеше жылда мәселе түбегейлі жойылмақ

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы