389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда «Нұрлы жер» бағдарламасымен 38 тұрғын үй салынып жатыр

  • 222
  • UPD: 08:49, 02.09.2019

Атырауда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 38 көп қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты жасақталып, құрылыс жұмыстары басталған болатын.

Қазір осы жоба бойынша алғашқы 9 үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Аталған бағдарлама бойынша осы тұрғын үй кешенінде салынып жатқан тағы 297 пәтер әлеуметтік сала қызметкерлеріне беріледі. Атқарылып жатқан істердің сапасымен мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары да жіті танысты. 

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үй кешені әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке инвесторлардың бірікккен жобасы. Қаржының 70 процентін инвесторлар құйып отыр. Алғашқы кезең бойынша 72 пәтер қазірдің өзінде қолданысқа беріліп үлгірді. 

Данияр Таханов, «Атырау» ӘКК АҚ төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгінге дейін дайын болған пәтерлер ең алдымен медицина саласының қызметкерлеріне берілді. Қалған пәтерлер қыркүйек-қазан айларында қолданысқа берілетін болады.  

Дәрігерлермен қатар бұл пәтерлерге мұғалімдер, әлеуметтік сала, бюджеттік мекеме қызметкерлері ие бола алады. 297 пәтердің жалпы аумағы 19 мың шаршы метр. Бағасы әр шаршы метріне 180 мың теңгеден. Құрылыс сапасын бақылауға келген Мәжіліс депутаттары бұл қаржыны жергілікті әкімдіктің қолдауымен төмендетуге ұсыныс білдірді.

Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Медицина саласындағы көп қызметкерлер, мұғалімдер болсын олар үшін үйдің бағасы 1 шаршы метріне 180 мың теңге деп отыр.Ол кісілердің айлығына бұл сома келіңкіремейді. Сондықтан осындай проблемалар облыстық деңгейде шешілген дұрыс деп ойлаймыз. Ол енді шешілетініне сенеміз де.  

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары жуырда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы заң қабылданатынын, онда осы баспана мәселесіне тікелей қатысты көптеген жақсы баптар енгізілетіндігін мәлімдеді. Жыл аяғына дейін облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалар мен жеке жобалар бойынша 40 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі. Ал қаланың бас жоспарына сәйкес жаңа мөлтек аудандар ашылып, онда 100 гектар аумаққа көп қатарлы тұрғын үйлер салынатын болады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы