385,90 427,70 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының Келес ауданында 87 шақырым жол жөнделеді

  • 147
  • UPD: 08:50, 02.09.2019

Биыл Түркістан облысының Келес ауданында 87 шақырым жол жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығы - Абай ауылындағы 23 көшеге асфальт төселуде. Оған республикалық қазынадан 1 млрд 200 млн теңге бөлінген.

30 жылдан бері асфальт көрмеген көше тұрғындарының қуанышында шек жоқ. «Жолымыз жөнделіп, жүрісіміз түзелетін болды» дейді жол азабын тартқан абайлықтар. 

Келес ауданы бұған дейін Сарыағаштың құрамында болғандықтан қажетті деңгейде көңіл бөлінбеген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, назар Сарыағашқа ауғандықтан Абайға аса мән де берілмепті. Соның салдарынан аудан орталығындағы кейбір көшелерге асфальт мүлде төселмеген. Келес өз алдына жеке аудан боп, бөлініп шыққаннан кейін ғана бұл олқылықтың орны тола бастапты. Қазір ішкі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Көңілі күпті тұрғындардың да жүзіне күлкі үйіріле бастаған. 

Мұхаметжан Нұрлыбаев, Абай ауылының тұрғыны:

-30 жылдан бері көшеміз асфальт көрмеген еді. Келес ауданы бөлініп, көшемізге асфальт, тротуар салынып жатыр. Рахмет мемлекетке. Көшені жөндеп, аллея жасап, отыратын орындықтар орнатуда. Демалыс орындарын істеп жатыр. Көшенің жақсы болғаны өзімізге де жақсы ғой.

Аудан әкімі Ақментай Есбаевты да құрылыс басынан таптық. Жолдың сапасын әр дайым бақылап отырғанын жеткізді. Айтуынша, Абай ауылындағы ішкі жолдардың 90 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Ал аудандағы 83 елді мекенді бір-бірімен жалғайтын 722 шақырымдық ішкі жолдың 20 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Аудан бюджетінен қаралған қаржы есебінен биыл соның 32 көшені құрайтын 59 шақырымы жөнделмек. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Абай ауылындағы 23 көшеге асфальт төселуде. Оған республикалық қазынадан 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінген.

Ақментай Есбаев, Келес ауданының әкімі:

- Негізігі жасалатын жұмыстар тек қана көшеге асфальт төсеу емес, сонымен қатар абаттандыру жұмыстарын бірге алып бара жатырмыз. Өздеріңіз көргендей, жанына суағар, жаяу жүргіншілер жолы, көшені жарықтандыру бағаналары орнатылып жатыр. Бұл енді 23 көшені барлығы да негізінен маңызды көшелер. Тағы бір айтатын мәселе – Абай ауылы республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан. Көлік кептелісін жою мақсатында біз қазіргі таңда екінші паралель жатқан көшені кеңейте отырып, көлікті екі бағытта өткізуді жоспарға қойып отырмыз.

Бұдан бөлек биыл аудандағы республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі маңызы бар көшелерді қоса есептегенде 87 шақырым жол жөнделмек. Оған облыстық және республикалық қазынадан қомақты қаржы бөлінген.

Авторы: Жандос Жұмабек

Хабар 24 телеарнасы