387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО Арыстағы өз секторында жөндеу жұмыстарын аяқтауға жақын қалды

  • 110
  • UPD: 09:29, 02.09.2019

Шығыс қазақстандықтар Арыстағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақын қалды. 8-секторда қалпына келтіру жұмыстары 100 пайыз орындалды. Енді тек 5 үйдің сырлау-әрлеу жұмыстары қалды. «Олар алдағы аптада толық аяқталады» дейді құрылысшылар. 

Оқ қоймасында болған жарылыстан кейін Айтымбетовтар баспанасының басым бөлігі жарамсыз боп қалған. Отағасының айтуынша, терезелер сынып, кейбір қабырғалары да қақыраған. Бірақ қазір одан ешбір белгі жоқ. Тіпті жаңадан салынған баспана сияқты. Себебі жарылыс кезінде бүлінген үйді Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қайтадан қалпына келтіріп берген.

Еркінбай Айтымбет, Арыс қаласының тұрғыны:

- Оқиғадан кейін мынау төбесінің барлығы түсіп қалған болатын. Мыналардың бәрін қайтадан ауыстырды. Қабырғалардың кейбір жері құлаған, жарылған еді. Көп-көп рахмет. 

Сабыр Мақсұтұлы, Арыс қаласының тұрғыны:

- Міне есік-тереземізге дейін барлығын ауыстырып берді. Үй жөнделіп біткенше біз баламның үйінде тұрдық. Енді міне көшіп келдік. Барлығы жақсы. Құрылысшыларға бәріне рахмет.

Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, 8-секторда 555 үй бар. Жарылыс кезінде соның 97 пайызы зақымданған. Тіпті 5 нысан мүлде жарамсыз күйге түскен. Екі ай бойы жүргізілген тынымсыз жұмыстың  нәтижесінде барлығы ретке келтірілді.

Әділет Тұрысбек, Шығыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының бас маманы:

- Жаңадан салынып жатқан бес үй бар. Сол 5 үйдің қазір 70 пайызы бітті. Құдай қаласа барлығын 1 сентябрьге дейін бітіріп береміз деген ойдамыз.

Айта кетейік, бүгін де Арыстағы жарылыс зардабын жою жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Тек қайта салынып жатқан нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Көптеген секторлар да негізгі жұмыс бітіп, тазалау, әрлеу сияқты соңғы шаруалар атқарылуда. Облыстық штаб берген мәлімет бойынша ол жұмыстар да 20 қыркүйекке дейін толық аяқталады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы