385,90 427,70 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның 100 есімі: Тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен тұлғалар

  • 114
  • UPD: 13:08, 02.09.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы іске асырылды. Оның аясында Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен ел тұрғындарының өмір жолы мұқият зерделене бастады. Солардың бірсыпырасына тағы бір тоқтала кеткенді жөн көрдік.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ілінген жастардың бірі Қарағандылық Никита Амоскин. Ол акробатикадан Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. Қазір аймақта спорттық акробатиканы дамытуға үлес қосып жүр. Спорттағы жұбы 16 жасар Анастасия Долганюк екеуі жастар арасында өткен әлем чемпионатында алтын медальді иеленді.  

Никита Амоскин, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Біз Анастасия Долганюкпен 8 жыл жұп болып өнер көрсетіп келеміз. Бұл уақыт ішінде бірнеше рет Қазақстан,  екі мәрте Азия чемпоны атандық. 2018 жылы спорттық акробатикадан әлем чемпионы атағына ие болдық. Әрине арамызда түсініспеушілік те болып тұрады, жаттығулар кезінде дауласып та жатамыз, дегенмен серіктес болғаннан кейін тіл табысып келеміз.

Павлодарлық жас ғалым Жанар Байсейітова жүзден астам ғылыми еңбектің авторы. Автор еңбектері қазірдің өзінде көптеген оқу-әдістемелік құралдардың негізіне айналған. Дарынды педагогтың инклюзивті білім беруді енгізудегі үлесі өз алдына бір төбе. Жоба қазірдің өзінде еліміздің білім жүйесінде қолданылып жүр. 

Жанар Байсейітова, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Жастар еліміздің болашағы болғандықтан, тәрбие мәселесіне барлығымыз жауаптымыз деп ойлаймын. Біз олардың бойында елжандылықты дарытумен бірге салт-дәстүрлер мен өз халқына деген құрмет сезімін қалыптастыруымыз керек. 

Осы жобаның тағы бір үздігі - қызылордалық Александр Подольских. Селекционер-ғалым  будандастыру арқылы күріштің  өнімділігі жоғары жаңа сұрыптарын ойлап тапқан. Ғылыми қызметкер селекционер әріптестеріне будандастыру көлемін 10 есеге ұлғайту арқылы ақ маржанның жаңа сұрыптарын алуға болатынын көрсетті. Озық тәжірибе күріш алқаптарын күтудің инновациялық әдістерімен өнім дайындау технологияларын қамтиды.

Александр Подольских, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Қазір күріштің әр сабағындағы дәнінің шығымдылығына ерекше мән беріледі. Мәселен, әр гектардан алынатын өнімді 100 центнерге жеткіземіз десек бірақ әр сабақтағы дәнінің шығымдылығы 40 пайыздан аспаса, межелі мақсатқа жеткізу мүмкін емес. Сондықтан біздің шығарған «Сыр сұлуы» және «Айкерім» сорттары осы талаптарға толық сәйкес келеді. Ең бастысы, оларға да  сапасы төмендеу күріш сорттарымен бірдей күтім жасалады, бірақ өнімі мол.  

Өрісті өнері, кемел білімі, ерен еңбегімен өзгелерден озып шыққандар бүгінде телевизиялық деректі фильмдердің кейіпкерлеріне айналғаны рас. Олар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырына  иелік ете алатын азамат қалыптастыруда үлгі болуы тиіс. «100 жаңа есім» жобасының негізгі мақсаты да осы болса керек. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы