387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауыл ауданының орталығына ауыз су жеткізілді

  • 155
  • UPD: 15:41, 02.09.2019
Баянауыл ауданының орталығына ауыз су жеткізілді

Павлодар облысы Ертіс өзенінің бойын жайласа да өңірде суға жарымай отырған ауылдар баршылық. Бүгінде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің көрсеткіші 30%-ке жетер-жетпес.

Солардың қатарында 20 мыңнан астам тұрғыны бар Баянауыл ауданының орталығы болатын. Бұл еліміздегі орталықтандырылған су жүйесі жоқ жалғыз аудан. Қазіргі уақытта тұрғындардың су азабын көрген күндері артта қалды. Көптеген жылдар бойы құдықтан сапасыз су ішіп келген азаматтар таза тіршілік нәріне қол жеткізді.

Сексеннің сеңгіріне жеткен Әбіқомар Салықұлы Баянауыл өңірінің тумасы. Көпті көрген зейнеткер аудан орталығында сапалы судың бұрын-соңды болмағанын айтады. Бұған дейін суды 12 метірлік тереңдіктегі құдықтан алып, ішуге мәжбүр болыпты. 

Әбдікомар Салықов, Баянауыл ауданының тұрғыны:

- Мынау шайға келмейді, аштылау. Бұл әлгі монша менен тек малға ғана. Ал үйдің ішіндегі су краннан ағызып жатқан, биылғы тартқан су. Биыл жігіттер су тартты ғой, әлі тартып жатыр.

Ауыз судың азабын көрген күндерін Социал Салықова да еске алды. Енді әр үйге тұщы су жетеді. 

Социал Салықова, Баянауыл ауданының тұрғыны:

- Ауылымызға су келіп, рахатқа баттық. Күні-түні су ағыл-тегіл ағып жатыр. Таза су, суымыз таза. Жылы су да бар, суық су да бар. Судан кемшілік көріп жатқан ешкім жоқ. Осы көшенің бәрінде су бар. Су болмағанда водовозбен тасиды, чанға құяды, соныменен үйге әкеліп отырамыз. Ал қазір жанымыздан ала саламыз, рахат. 

Аудан орталығында 1500-ден астам аула бар. Қазіргі уақытта 300-ден астам үйге су сынақ режимінде беріле бастады. Алдағы бір айда аулалардың барлығы орталық жүйеге қосылады. Су тарту жұмыстарының барысын арнайы комиссия жіті бақылауда. 

Оразгелді Қайыргелдинов, Баянауыл ауданының әкімі:

- Басты су келетін 9,5 шақырым, жалпы ауылдың ішіндегі су құбырлары 76 шақырым. Бүгінгі күнде үйлердің барлығы қосылып жатыр, жұрттар өздері күшімен де қосып жатқандар бар. Ал аз қамтамасыз етілген, үлкен адамдар бар, оларға мына мердігерлердің өздерінің қаражатынан өздері қосып беріп жатыр. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Баянауыл ауылындағы үшжылдық  жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінді.  Бүгінде өңірде тағы ірілі-ұсақты 52 жоба жүзеге асырылуда. Сәтін салса, 2020 жылға қарай аймақтағы 353 елді мекеннің 40%-і сумен қамтылады деп күтілуде. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы