389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы Төле би ауылында 30 жыл жөндеу көрмеген жолдар жөнделуде

  • 355
  • UPD: 19:23, 02.09.2019

Жамбыл облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жемісті жүзеге асырыла бастады.

Шу ауданында осы бағдарлама аясында 44 нысан салынып, бірқатарының құрылысы жүргізілуде. Негізгі жұмыстар «Төле би» ауылында жүріп жатыр. Қазір елді мекеннің ішкі көшелері жөнделіп, жарықтандырылуда.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Төле би ауылында 30 жыл бойы жөндеу көрмеген жолдар жөнделуде. Бұған дейін батпақ кешіп, қараңғы көшелермен жүрген жұрт ауылға арналған жобаның игілігін сезіне бастады. Қазір құрылыс жұмыстары аудан орталығындағы ең ұзын, әрі халық тығыз орналасқан көшеде жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар ерекше қуанып жүр. Үйлерінен қайта-қайта шығып, жұмыс барысы мен сапасын кезекпен көріп кетеді.

Алик Бәскімбаев, Төле би ауылының тұрғыны:

– Әбден жолдың таптайтын жерін таптап, тегістейтін жерлерін тегістеп, сапасына зор мән беріліп жатқанынына көзіміз жетіп отыр.

Бұл ауылда жыл соңына дейін 24 көше жөнделіп, тағы 11 көше жарықтандырылады. Қазір саябақтар мен аллеяларға жарықшамдар орнатылып жатыр. Жұмыстарды қыс айларына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Жарылқасын Айтақов, Шу ауданының әкімі:

– Бұл ауылда негізі 4200 аулада 21 500 халық тұрады. Сондықтан біз ауылдарды зерделеп, осы ауылды ұсынған болатынбыз. Қазіргі таңда 44 нысанға 2 миллиард 300 миллион көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Шу ауданында бағдарлама аясында білім, мәдениет, спорт нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, бірқатары жаңадан бой көтереді. Ең басты жаңалық – аудан орталығынан жаңа емхана мен салтанат сарайы салынады. Қазір ірге тасы қаланып жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы