389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде педагог тапшы

  • 179
Ақтөбеде педагог тапшы

Ақтөбеде мектептерде зейнет жасына жеткен мамандар жұмыс жасауға мәжбүр.

Бала санының артуы да білім беру саласының бас қатырар мәселесіне айналған. Облыс орталығында биыл 11 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған. Сәйкесінше, 7 оқу ордасында балалар үш ауысыммен білім алуда.

Ақгүл Жұмашева биылғы бірінші сынып бүлдіршіндерімен мектеп табалдырығын қайтадан аттап отыр. Бұл жолы жас маман ретінде. Батыс Қазақстан облысында жоғары оқу орнын бастауыш сынып ұстазы мамандығы бойынша тәмамдаған ол сабақ беру жүйесін заманауи үлгіде жүргіземін дейді. Себебі жаңартылған білім бағдарламасының ұтымды тұстары көп.  

Ақгүл Жұмашева, жас маман:

– Оқушыға көп мүмкіндік, таңдау, еркіндік берілген. Яғни оқушының қиялын шыңдауға сіз өзіңіздің шеберлігіңізді қосып, тапсырмаларды түрлендіре аласыз. Жаһандануда бәсекеге қабілетті болуға, өзге елдермен білім теңестіруге таптырмас керемет мүмкіндік деп есептеймін.

Жаңа технологиялар мен үш тілде білім беру жүйесін игеру кез-келген тәжірибелі маманға оңай емес. Әсіресе егде жастағы ұстардар үшін оңай болмай тұр. Соған қарамастан Ақтөбеде зейнет жасына жеткен мұғалімдер де еңбек етуде. Бұл маман тапшылығынан туған шара. Оқушыларға 34 жыл тәлім-тәрбие берген Дина Махамбетова екі жыл бұрын зейнетке шыққан. Соған қарамастан әлі күнге дейін ұстаздар қатарында.

Дина Махамбетова, қалалық №10 орта мектеп мұғалімі:

– Егер жас мамандар толық мектепті қамтамасыз ете алса, әрине мен үйде немерелерімді бағып отыра берер едім деп ойлаймын.

Ақтөбе облысының білім ордаларында қазір 256 ұстаз жеткіліксіз. Негізінен математика, химия, физика сияқты пәндер ақсап отыр. Жастардың педагогика саласына енжар қарап, басқа мамандықты таңдауының бірнеше себебі бар. Жалақының мардымсыз болуын айтпағанда мұғалім мәртебесінің құлдырауы да зор әсер етуде. 

Бүлдіршіндерге білім мен тәрбие беру жүктелген жандар қоғамдық жұмыстан босатылсақ дейді. Сонда ғана шығармашылыққа ден қойып, білім беру сапасы үздік елдермен терезесі тең жүйе қалыптасады. Яғни, «Мұғалім мәртебесі» заң жобасына барлық ұстаздар иек артып отыр. Тағы бір түйіні шешілмеген мәселе – мектеп ғимараты. Қазір Ақтөбенің өзінде 7 оқу ордасында балалар 3 кезеңмен білім алуда. Әсіресе шаһардың жаңа аудандарында жағдай ушығып тұр.

Саян Сүлейменов, қалалық білім бөлімінің жетекшісі:

– Биылғы жылы жаңа оқу жылын біздер 83 мыңның үстінде оқушымен бастағалы отырмыз. Бірінші сыныпқа қазіргі таңда өзімізідің есебіміз бойынша 11 мыңға жуық оқушы келеді деп отырмыз. «Нұр-сити» ауданындағы 60-мектеп, «Батыс-2» ауданындағы 63, 64-мектептерде бірінші сынып оқушыларының саны өте көп болып отыр.

Шенеуніктердің жоспары бойынша үш ауысымда білім беру үрдісі Ақтөбеде келер жылы жойылуы тиіс. 1 қыркүйекте 3 жаңа ғимарат қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін олардың саны 15-ке жетеді. Құрылыс жұмыстары қарқынды. Ал жас мамандармен қамту мәселесін шешуде «Дипломмен ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға иек артқан. «Мұғалім мәртебесі» анықталған соң педагогика саласына ден қойғандар қатары да артуы бек мүмкін.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы