387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент сырқат балаларды қолдауға бағытталған шаралар жоспары жасақталатынын айтты

  • 142
  • UPD: 20:52, 02.09.2019

Алдағы 3 жылда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға қажетті оңалту орталықтарын көптеп ашуға ел қазынасынан 58 миллиард теңге бөлінеді.

Президент сырқат балаларды медициналық және әлеуметтік қолдауға бағытталған шаралар жоспары жасақталатынын айтты. Айта кетерлігі, мұндай оңалту орталығы жоқ аймақтар да бар. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысы.

Ислам Сариевтің жасы сегізде. Балақайдың сал ауруына шалдыққаны екі жасында анықталыпты. Содан бері дәрігерлердің ұдайы бақылауында. Қазір анасы қоғамдық бірлестік жанынан жұмыс істейтін осы оңалту бөлмесіне әкеліп жүр. Өз ісіне берілген жандардың тынымсыз еңбегі арқасында сырқат балалар жазып-сызуды меңгеріп, өз бетінше жүріп-тұруды үйренеді. Алайда талапқа сай ғимараттың жоқтығы көп іске қолбайлау. 

Роза Сариева, қала тұрғыны:

– Ғимарат өте тар. Кейде кестеде белгіленген уақытта келе алмаймыз. Өйткені, мамандар тиісті ем шараларын жасап үлгере алмай жатады. Сондықтан бізге талапқа сай ғимарат қажет деп ойлаймын.    

Оңалту орталықтарының көбейетіні туралы жаңалықты сырқат балалардың ата-аналары қуанышпен қабылдады. Мәселен, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі арқылы осындай 300-ге тарта бала көмек алады. Бірақ орынның тарлығына байланысты олардың тиісті ем-домын алуда қиындықтар баршылық, дейді мамандар.   

Айнагүл Есенғалиева, оңалту орталығының әдіскері:

– Осы ғимаратта айналысқанымен де мүмкіндік өте шамалы. Себебі әр бөлменің тығыздығына байланысты, ДЦП балалардың жоғарыға көтерілу лифтісі құрылды. Бірақ балалар өте қатты дыбыстан шошынады. Аналарға көп күш түседі. Сондықтан мына ғимарат жөніндегі проблема бізде ауқымды бір аналарға өте қажет көмек ретінде қаралатын басты проблема болып саналады.

Әзірге облыста барлық талапқа сай келетін бірде бір оңалту орталығы жоқ. Ал церебралды сал ауруына шалдыққан 600-ден аса сырқат балаға мұндай мекемелер ауадай қажет, дейді мамандар.   

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы