386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент жолдауында айтылған фронт-кеңселердің пайдасы қандай

  • 140
  • UPD: 20:52, 02.09.2019

Ақтаулықтар құқық қорғау жүйесіне енгізілген жаңа реформалардың тиімділігін көре бастаған.

Азаматтарды қабылдауға арналған нысандар бірінші кезекте арыз-шағымды қабылдау уақытын қысқартады. Сәйкесінше, іс жылдам қаралады. Жыл басынан бері полиция басқармасының мамандары 700-дей деректі жедел тексеріп, кінәлі тұлғаларға әкімшілік шара қолданған.

Өткен жылдары ақтаулықтар арызын арқалап полиция департаментіне баратын. Ол жерде кісінің көп болуынан кезекке тұруға тура келетін. Енді қала халқы погон таққан қызметкерлердің қабылдауына еш кедергісіз кіре алады. Қажетті техникамен жабдықталған фронт-кеңседе екі маман жұмыс істейді. Мұнда жанұядағы келіспеушіліктен бастап әртүрлі заңбұзушылық деректер дереу тіркеледі. Одан әрі полицейлер шағым негізінде істің мән-жайын анықтайды.  

Алма Құрбанбаева, қала тұрғыны:

– 500 мыңға несие алып, біреуге алданып қалдым. Фронт-кеңсеге келіп, арызымды жаздым. Бүгін қабылдап, сол адамды тауып әкелді. Рақмет барлығына.

Бекбол Қорғанбаев, қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

– Сегіз ай ішінде 600-ден астам арыз-шағым тіркелді. Көбі алаяқтық, жанұя жанжалы, сосын жол ережелерін бұзу туралы. Және ұсақ ұрлық бойынша көптеген арыз-шағым түсіп жатыр. Жақын жердегі тұрғындарымыз бізге тікелей келіп, арызын қалдыра алады және тез жауабын ала алады. 

«Халықтың сенімінен шығу - басты талап. Президент Жолдауынан соң сот және құқық қорғау жүйесі уақыт талабына сай реформалармен толығары сөзсіз», - дейді ақтаулық ардагер Құспан Бержанов. Саналы ғұмырын полиция саласына арнаған азаматты қоғамда балаларға қатысы зорлық-зомбылықтың өршіп тұрғаны толғандырады.

Құспан Біржанов, құқыққорғау саласының ардагері:

– Заңды күшейту, қатайту туралы Президенттің айтқаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі соңғы мезгілде біраз жағдайларды көзіміз көріп жүр. Заңдар әлі солқылдақ. Кастрация дегенді соңғы 3-4 жылдай уақыт болып қалды, бірақ содан әлі қорытынды ештеңе жоқ деп айтамын. Теледидардан көп айтылады, естиміз. Бірақ іске асқанын өз басым естіген жоқпын. Айтылған соң заң қолданылу керек.

Солқылдақ заңды күшейтудің қандай нәтиже беретіні алдағы уақыттың еншісінде. Қуантарлығы, заманауи гаджеттер кез келген қылмыстың тез ашылуына септігін тигізуде. Былтырдан бері ақтаулық полицейлер шағымдарды Watsapp арқылы да қабылдауға көшті. Мұнда азаматтардың арызынан бөлек, тәртіп сақшыларының қызметін жақсартуға қатысты ұсыныс-пікірлер де ескеріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы