386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында балалар арасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары көбейген

  • 174
  • UPD: 22:41, 02.09.2019

Соңғы жылдары Түркістан облысында балалар арасындағы қылмыс, әлімжеттік, бала құқығының аяқ асты болуы және зорлық-зомбылық оқиғалары көбейген.

«Бұған үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы – басты себеп» дейді мамандар.

Білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары тарапынан өткізіліп жатқан ауқымды шараларға қарамастан жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейі төмендемей отыр. Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында балаларға жасалған қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.

Түркістан облысы – еліміз бойынша демографиялық өсімі ең жоғары өңір. 2 миллионға жуық тұрғынның 465 мыңы – оқушы балалар. Аймақта осы балалардың жан-жақты дамуына, құқығының қорғалуына, оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген.

«Алайда соған қарамастан жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық азаймай отыр. Керісінше, балалардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі көбейген», – дейді мамандар.

Бейсен Тәжібаев, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Атап айтсақ, соңғы жылдары балалар арасында қылмыс, әлімжеттік, бала құқығының аяқасты тапталуы жиі болып отыр. Сонымен қатар балалардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеген. 2018 жылдың 7 айында 63 оқиға орын алса, ал 2019 жылдың 7 айында 64 оқиға тіркелген.

40 жыл ұстаздық еткен Жарқынбек ақсақал қазіргі жастардың қатыгездігіне, аяушылықты білмейтіндігіне қайран қалады. Бұған өзі бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған жауапсыз ата-аналарды кінәлайды.

Жарқынбек Құлбайынбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Оқушылардың бір-бірімен төбелесуі, төбелес деген бір басқа. Қатыгез. Аямай тепкілеп, тура әкесінің құны қалғандай сабауы, немесе теледидардан қыз зорлау оқиғасын көп көріп жатырмыз. Аз ғана жылға соттайды, ол кейін тағы да оны қайталайды. Керек болатын болса, оларды өлім жазасына кесу, немесе өмір бойына қамау керек. Зорлық-зомбылық жасағандарды аямауымыз керек. Ол үшін заңды күшейтуіміз қажет.

Түркістан облысында соңғы 7 айда 455 жеке тұлғаға қатысты қылмыс іс қозғалған. Оның 58-і – жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық. Қазіргі таңда 27 күдіктіге айып тағылып, сотқа жолданса, оның 24-не сот үкімі шыққан. Сондай-ақ соңғы жылдары өңірде кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілік етек алып келеді. 2017 жылы 396 осындай оқиға тіркелсе, 2018 жылы олардың саны 472-ге, ал биылғы жылдың 6 айында 308-ге жеткен. Айта кетейік, облыста кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін психолог мамандар да тапшы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі өз жолдауында Үкіметке жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыс жасағандар үшін жазаны күшейту қажеттігін тапсырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы