385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жол сақшыларының таяқшасы қайтарылды

  • 148
  • UPD: 23:39, 02.09.2019

Енді полиция жолдағы қозғалысты алатаяқтың көмегімен реттейді.

Мұндай шешімге көпшіліктің арызы себеп.

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын да жүргізушілердің ұсынысымен арнайы реттеу құралы қолданыстан алынған болатын. 

Ерсұлтан Серікпайдың жолдағы қозғалысты реттеп жүргеніне бір жыл болды. Жас қызметкер қол қимылдарын әбден меңгеріп алған. Жүргізушілер де тәртіпке бағынады. Бірақ көбі жол сақшысының арнайы таяқша ұстағанын құп көреді.

Сергей Зинкеев, қала тұрғыны:

– Жол реттеуде таяқша өте ыңғайлы деп ойлаймын. Себебі полиция қызметкерінің қай көлікті тоқтатып, қайда тоқтауды нұсқағаны анық көрінбей жатады. Әсіресе түнде. Сондықтан таяқшаны қайтарғандарына қуаныштымын.

Тәжірибелі жол реттеушісі Талғат Абдуллаевтың айтуынша, ала таяқтың пайдасы орасан. Өйткені түнгі және ауа райы қолайсыз уақыттарда жүргізушілер жолдағы полцейдің қимылын көрмей қалады.

Талғат Абдуллаев, полиция капитаны:

– Осындай бағытта тұрғанымызда көлік қозғалыстары бүкіл жерде тоқтау керек. Көп жүргізушілер бізді көрмейміз деп айтты және түсінбейміз деді. Себебі бұрыннан келе жатқан таяқшамызға үйренгеннен кейін түсінбейміз деді.

Әрі полиция қызметкерінің өміріне де қауіп төнген сәттер көп болған. Таяқша қолданыстан алынған екі жыл ішінде Алматы, Шымкент, Атырау және Елордада 5 маманды көлік қағып кетіпті. Биыл күзде арнайы таяқша қайтарылды. Оны қолданудың өз тәртібі бар.

Әділ Оразбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы, полиция майоры:

– Жолдарда кептеліс болған кездерде, ЖКО болған жерді қарау кезінде көлік құралдарын басқа жаққа бұруын, жолдарда құрылыс, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде, сондай-ақ ауа райының қолайсыздығынан жолдардың жабылуы кезінде, төтенше жағдайлар кезінде, техногендік және табиғи сипатты апаттардың кезінде таяқшаларды қолдануға рұқсат берілетін болады.

Қызыл таяқты қолданыстан алып, қайта енгізуге халықтың арыз-шағымы негіз болды. 40 жыл бойы көлік айдаған Сергей Юрчинский оның қажеттілігі шамалы дейді.

Сергей Юрчинский, қала тұрғыны:

– Мен көлігіммен Кеңес одағының, Қазақстанның, тіпті Еуропаның жолдарында жүріп өттім. Осынша жылдық тәжірибем болған соң, реттеу тілін бес саусағымдай білемін. Меніңше, таяқшаның мүлде қажеті жоқ. Шетелде де оны қолданбайды. Тіпті осы таяқша жол қозғалысын реттеушіге кедергі келтіретіндей. Онсыз да табельдік қару мен рациясы бар. Ал батарейкалы таяқша өте ауыр, тіпті ыңғайсыз олар үшін.

Арнаулы таяқтарды сатып алуға бюджет қаражаты жұмсалмайтын болды. Мамандар бұрынғыларын кәдеге жаратады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарақойшы

Хабар 24 телеарнасы