387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент тапсырмалары сапалы жүзеге асатын болса, кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді

  • 149
  • UPD: 09:47, 03.09.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2020 жылдан бастап үш жыл көлемінде тексерулерге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономика саласын зерттеп жүрген ғалымдардың пікірінше, аталған тапсырмалар сапалы жүзеге асатын болса, кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

Максим Барышев 2006 жылдан бері бухгалтерлік есеп бойынша қызмет көрсетіп келеді. Бизнестің қыр-сырын жетік меңгерген іскер азаматтың айтуынша, салықтық каникулдар мен тексеруге деген шектеулер шағын және орта бизнес үшін үлкен қолдау.

Максим Барышев, компаниялар тобының негізін қалаушы:

- Менің пікірімше, жеке кәсіпкерлердің саны бұрынғыдай қала береді. Бірақ сапалары, қаржылық жағдайлары жақсарады деп ойлаймын. Бұрын «көлеңкеде» жұмыс істеп, табысын жасырып келгендер енді бухгалтерлік есептерін ашық көрсете бастайды. Тексеру болмаған соң сыбайлас жемқорлық фактілері де азаяды. Кәсіпкерлер тексерушілерге алаңдамай бизнесін дамытуға ден қояды.

Жалпы кез келген мемлекетте кәсіпкерлік елдің негізгі тірегі саналады. Мысалы, дамыған елдерде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 70-80%-ке жетеді. Біздің бюджеттің негізгі тірегі - шикізат. Ал, шикізат ерте ме кеш па таусылады.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- 16 өңірдің ішіндегі тек қана үшеуі бүгін донор болып отыр. Екеуі мұнайдың Атырау мен Маңғыстау, Алматы шағын, орта бизнестің арқасында. Қалғандары не болып қалды? Үйреніп қалған. Кейбір үлкен өңірлер бюджеттен 80%-ке дейін дотация алып отырған.

Сондықтан мемлекет басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып отыр. Бұл патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Әрине, бизнес деген ол бәсеке. Ал, сол бәсекеде табысқа жету үшін сапалы әрі қолжетімді өнім шығару керек.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Қаскелеңнен балаларға памперс шығаратын цех ашқан екен. Бәрін Ресей алып кетіп жатыр. Сол сияқты Өзбекстан, Қырғызстан алып кетіп жатыр. Жақсы өнім шығаратын болсаңыздар, бағасы дұрыс болатын болса, ешқандай кедергі жоқ. Бізде жаңа айтты ғой. Бәрін аспандатып жібереді. Бірден табыс алғысы келеді.

Шағын және орта бизнесті дамытуға бұған дейін де қомақты қаражат бөлінді. Алдағы уақытта да бюджеттен қыруар ақша жұмсалмақшы. «Ендігі міндет – осы қаражаттың тиімді игерілуін қатаң бақылау керек», - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Шалбаев

 

 

Хабар 24 телеарнасы