389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында алғаш рет ешкі сүтінен балмұздақ өндіріле бастады

  • 157
  • UPD: 10:03, 03.09.2019

Атырау облысындағы асылтұқымды ешкі фермасында алғаш рет балмұздақ өндіріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бекен Әлирахым, тілші:

- Бұл ауылдағы шаруа қожалығының ешкі сүтінен әзірленген 16-өнімі. Шаруашылық өз өнімдерімен еліміздің батыс облыстарын ғана қамтып қоймай, көршілес Ресейге де тауар экспорттап отыр. Президент өз Жолдауында шағын бизнестің кейбір саласын салықтан үш жылға дейін босату туралы құзырлы органдарға тапсырма берді. Сондай-ақ отандық шаруа қожалықтарының өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға көмектесу жөніндегі қолдауы да фермерлердің мүддесін қорғайтын болады.

Бүгінгі дейін ешкі сүтінен 15 түрлі өнім шығарып келген Тамила Розметова балмұздақ цехын іске қосты. Ол «биылғы жыл мен үшін өте сәтті болды», дейді. Жастар жылының ресми ашылу салтанатына қатысып, елордаға алма бағын өсіру жобасы қолдау тапты. Шаруашылықтың қыруар жұмысынан бөлек еліміздің қоғамдық-саяси өміріне етене араласады. Республикалық ешкі өсірушілер палатасына жетешілік етіп, қалалық мәслихаттың депутатттығына да сайланды. Уақыты қанша тығыз болғанымен сүйікті ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды.

Тамила Розметова, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ешкілер табиғатынан айналасындағы ерекшеліктерге өте қызыққыш келеді. Меніңше, адамдардың мейірімін де сезетін секілді. Бірақ алдына келген кез келген шөпті немесе түрлі қалдықтарды жеуге құштар. Сондықтан жіті бақылап, үнемі назарда ұстап отырамыз.

Ферманың жұмысшылары түгелдей жергілікті жастар. Маусым кезінде мұнда 120 адам еңбек етеді. Бүгінге дейін бұл фермада ешкі сүтінен 15 түрлі тауар өндірілген. Атап айтқанда, сырдың бірнеше түрі, сүт және айран, ірімшік пен құрт, сарысу мен йогурт та шығарылып жатыр. Енді мұнда ешкі сүтінен дайындалатын балмұздақ өндіріс жолға қойылды.

Эрнст Шефер, технолог:

- Балмұздақтың негізгі құрамы ешкі сүті, оған қант, ванилин және қаймақ қосамыз. Мұның барлығы табиғи өнімдер. Ал құнарлы әрі денсаулыққа пайдалы ешкі сүті балмұздаққа ерекше дәм береді.

Ешкі сүті ана сүтін алмастыратын негізгі өнімдердің бірі. Көптеген ауруларға қарсы көмегі де мол. Сондықтан да бұл шаруашылықтың негізгі өнімдері ауруханалар мен балабақшаларға жіберіледі. Осындай жетістіктің арқасында қазір облыс аумағына сырттан ешкі сүтінің өнімері тасымалданбайды. Жергілікті өнім импортты ішкі нарықтан толық ығыстырып шығарды.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы