389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы үш жылда орта және шағын бизнесті қолдауға 250 млрд теңге қаржы бөлінбек

  • 338
  • UPD: 11:00, 03.09.2019

Шағын бизнесті үш жылға дейін табыс салығынан босату жеңілдігі кәсіпкерліктің қанат жаюына жол ашады.

Ал бизнес нысандарын тексеруге шектеу қою экономиканың дамуына серпін бермек. Сарапшылар осылай деп ой түйеді. Мемлекет басшысы өз жолдауында кәсіпкерлікті өркендетуге қатысты мәселелерге басымдық беріп, осы саладағы түйткіл жайттарды тез арада шешуді жүктеді.

Елорда тұрғыны Гаухар Өтелбаева 12 жылдан бері шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Екі шағын тігін шеберханасы бар. 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыс бойынша ер азаматтарға арналған костюм-шалбар мен сырт киімдер тігеді. Егер 3 жылға табыс салығынан босатылса, өндірісін кеңейтуге ниетті.

Гауһар Өтелбаева, жеке кәсіпкер:

- Президент жолдауында табыс салығынан босату мен бизнес нысандарын тексеруді шектеу жөніндегі мораторийді естіп, рас қуанып қалдым. Салық төлейтін қаражатты өз мақсатымызға жұмсасақ, шаруамыз біраз түзеліп қалар еді. Әсіресе, бұл шағын бизнес нысандарының жағдайларын түзеп, аяқтарына нық тұруға көмектеседі.Жаңа құрал жабдық орнатып, қосымша жұмысшылар алып, мамандар дайындау да жоспарда бар. Оған қоса, кәсіпкерлер саны артады. Одан мемлекет ұтпаса ұтылмайды. Экономикаға қаржы дәл осы бизнес нысандарынан түседі емес пе?

Мемлекет басшысы өз жолдауында шағын және микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғысынан  болсын, саяси өмірінде болсын маңызды  рөлге ие екенін айтты. Қаланы да, ауылды да дамытатын дәл осы бизнес көзі. Десе де, осы салаға ұлттық қордан бөлінген 100 млрд теңгенің мақсатты жұмсалғандығына  сарапшылардың күмән келтіріп отырғандығын да атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді.Бұл қарапайым заттардың экономикасына тікелей байланысты.Бірақ жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ. Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Президент үкіметке келесі жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес нысандарын 3 жылға табыс салығынан босатуды заңдық тұрғыдан бекітуді міндеттеді. Сарапшылардың айтуынша, елімізде шағын бизнесті орта бизнестен бөліп, дамыту мәселесі алғаш рет көтеріліп отыр. Сондықтан кәсіпкерлерге артылатын жауапкшілік те зор.

Бақтияр Бөлеулиев, заң ғылымдарының докторы:

- Егер де мемлекеттік текесерістер болмаса, онда біз қандай жағдайға келеміз. Біз онда біз тұтынушылардың денсаулығына, қауіпсіздігіне нұқсан келе ме, келмей ме деген ойлар келеді. Мен ойлаймын. Егер де 3 жылдың ішінде мемлекеттік тексерістер болмаса, бизнес нысандарына үлкен бір жауапкершілік жүктейді. Өйткені бизнес өз тұтынушысына қауіпсіз, тиімді жұмыс істеуі тиісті.

Мемлекеттік қолдаудан орта бизнес өкілдері де тыс қалмайды. Алдағы үш жылда орта және шағын бизнесті қолдауға 250 млрд теңге қаржы бөлінбек. Басымдық отбасылық бизнеске беріледі. Көпбалалы жанұялардың да өз ісін ашуына жағдай жасалмақ. Ал, кәсіпкерліктің өркендеуіне кедергі келтіретін қандай да бір жайттар мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралады. Президент тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілелеріне тексеріс жүргізуге 3 жылға мораторий жарияланады.

Хабар 24 телеарнасы