385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда Бейбітшілік мөлтек ауданының тұрғындары жол азабын тартып отыр

  • 137
  • UPD: 14:43, 03.09.2019
Көкшетауда Бейбітшілік мөлтек ауданының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Көкшетаудағы Бейбітшілік мөлтек ауданының тұрғындары осымен 10 жылдан астам уақыт жол азабын жырлап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған елді мекенге жолдың жоқтығынан тіпті қоғамдық көліктер де қатынамайды. Бұл мәселені біздің арнаның тілшілері де бірнеше мәрте көтерген болатын. Алайда, әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Қала тұрғындары саналатын Бейбітшілік шағын ауданының ел-жұрты қашанға дейін осылай отыра бермек?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бейбітшілік шағын ауданының тұрғындары міне, осы қырды 10 жылдан астам уақыт асып келеді. Мұндағы еңбектеген баладан еңбектеген қарияға дейін осы азапты көріп келеді. Өйтпеске амал жоқ. Себебі, қала жақ бетте мектеп, балабақша, автобус аялдамасы секілді керектінің барлығы орналасқан.

Үш баланың анасы Айгүл Бектенова осы жолмен күніне шамамен 8 шақырымды бағындырады. Себебі, балаларын балабақша мен мектепке алып бару керек.

Айгүл Бектенова, қала тұрғыны:

Бір балам мектепке, бір балам балабақшаға барады. Соларды күнде апарамыз, күнде әкелеміз. Жол мәселесі қиындау. Сазбен өтеміз. Жауындар болады, жауынның астында өтеміз. Кейде көлігіміз болмай қалады. Саздың үстінен көліктің өзімен де қиындау.

Тұрғындардың айтуынша, жол азабы күн жылы кезде қатты сезіле қоймайды. «Ал, көктем мен күздегі, қақаған қыстағы азапты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді олар. Әбден қиналған халық жолды енді өз күштерімен жөндеуге кіріскен.

Қайрат Қанапин, қала тұрғыны:

- Мына жолды қырдан төмен қарай барлығын өз күшімізбен дұрыстап жатырмыз. Ақшаны 20-30 шақты үй жинады. «Әлі де береміз», дейді. Енді бізге ұсақ тас керек. Автобус жүрмейді. Жүріп-тұру халыққа өте қиын.

Шолпан Қасенова, қала тұрғыны:

- Әкімдікке де жаздық. Енді бізге жол жөнінде көмектессе. Балалар міне, қыстыгүні қатты суықтар болады, аяздар болады. Жол жоқ. Міне, қазіргі уақытта саз. Жер болса езіліп жатыр. Аяқ киімдері сазға батып, кейде жүре алмай да келетін күндері болады. Біз мұнда көптен, 2006 жылдан бері тұрып келеміз. Содан бері көріп келе жатқанымыз бейнет.

Жалпы Бейбітшілік мөлтек ауданы шаһар іргесінен осыдан 13-14 жыл бұрын пайда болған. Мұнда қазір 700-ден астам түтін бар. Көбісі ауылдан көшіп келгендер. Бірақ «өркениеттің ордасы» деп қалаға қоныстанғандағы көріп отырғандары осы. Бейбітшіліктегілердің бейнетін айтып, жауапты мекемелердің басшыларына жолықтық. Айтуларынша, аталған ауданның жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойыпты. Енді тек қаржы бөлінсе болғаны.

Юрий Шидловский, қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі:

- Жоба бойынша Бейбітшілік ауданында 3 шақырымға жуық жол салу қарастырылған. Ол бас-аяғы бес көшені қамтиды. Жолдың жалпы ені 7 метр болады. Көше бойына 14 аялдама қою жоспарланған. Яғни, жол салынған соң автобус та жіберіледі. Ал, құрылысқа 770 млн теңге қаражат қажет. Енді оны бюджетке ұсынамыз.

Алайда, аталған жоба биыл жасалғанмен, ол осы жылдың бюджетіне ілінбей қалған. Сондықтан тұрғындарға жол құрылысын келесі жылға дейін күтуге тура келеді. Онда да, қаржы бөлінсе ғана. Осылайша, бұл проблеманың шешімі тағы да уақыт еншісіне қалып отыр. Бірақ бір үміттендіретін жағдай – бұл мәселеде бұрынғыға қарағанда қозғалыс бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы